Жас велоспортшыларға темір тұлпар табысталды
Астанадағы №6 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебіне 3 автокөлік пен 55 велосипед табысталды, деп хабарлады Elorda info.
Қалалық спорт басқармасына қарасты №6 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебіне велосипедтерді тасымалдауға арнайы алынған автокөліктердің кілтін, сондай-ақ, «тас жол» және «маунтинбайк» велосипедтерін табыстау рәсіміне Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты.
Шара барысында Есет Байкен мектептің ұстаздары мен шәкірттерімен кездесіп, велоспорттың қазіргі хал-жағдайымен танысты. Бүгінгі таңда велоспортпен аталған спорт мектебінде 507 спортшы дайындалады.
Мектеп шәкірттері мен түлектері тек республикалық қана емес, сонымен қатар халықаралық турнирлерде де жетістіктерімен қуантып жүр. Солардың бірі — Вадим Пронский. 25 жастағы шабандоз қазір «Astana Pro Team» клубының намысын қорғап жүр. Жасөспірімдер арасындағы командалық бәсекеде Азия чемпионы деген атағы бар. 2021 жылы Токио Олимпиадасына да қатысты.
Веложарыстан бөлек, велотректен Астана қаласы ең мықты ұжымдардың бірі саналады. Алдағы жазғы Азия ойындарында Астана қаласы атынан 4 бірдей спортшы өнер көрсетеді.
Бұған дейін 10 жылдан бері автокөлік алынбаған еді. Ескі көліктерімізден кейде ақау шығып, дайындыққа кедергісін де келтіретін. Бүгін әкімдііктің 3 бірдей темір тұлпарды табыстауы біз үшін үлкен қуаныш. Өйткені, көліктің арқасында үлкен трассаларда жас спортшыларымыздың қауіпсіздігін қадағалауға мүмкіндік аламыз. 55 велосипедтің 20-ға жуығы маутинбайкке негізделген. Қалғаны тас жолға арналған. Велосипедті жылда жаңалауға тура келеді. Өйткені ұдайы жаттығудан бұзылып тұрады. Мектебімізде 300-ден астам велосипедіміз бар. Алдағы уақытта оқушыларымыз 2 ауысым бойынша дайындалатын болады — деді, мектеп директоры Бауыржан Утегенов.
Қанат БАЙҰЗАҚОВ