Мәслихат депутаттары екі спорт кешенінің құрылысымен танысты
Астана қалалық мәслихатының депутаттары Үркер және Теміржол тұрғын үй алабында жаңадан салынып жатқан дене шынықтыру және сауықтыру ғимараттарының құрылыс барысымен танысты, деп хабарлады Elorda.info.
Алдымен, депутаттар Үркер тұрғын үй алабындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешеніне барды.
Аталған нысан, негізінен, Астана қаласының әкімшілігі дене шынықтыру және спорт басқармасының балансында, сондықтан ғимаратты №1-ші мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мамандандырылған спорт мектебі өз қанатының астына алып отыр. Яғни, нысан аталған мемлекеттік мекеменің жауапкершілігіне берілген.
- Денешынықтыру және сауықтыру кешенінің техникалық ашылуы 5 шілдеде болды. Кешенде 14 спорт секциясы ашылмақ. Бұл дегеніміз – 400-ден аса спортшыны қамтимыз деген сөз. Мұнда олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлері болады. Бұдан басқа халыққа қызмет көрсету орталығы, полиция бөлімшесі және де ветерандарға арналған орталық бар. Тамыздың 1-нен бастап спорт үйірмелері ашылады. Жалпы, кешенде бұқаралық спортпен айналысамыз деген көпшілікке барлық жағдай жасалған, - деді № Нұра олимпиадалық резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Әбілхайыр Сайранбек.
Нысанның жалпы көлемі - 2600 шаршы метр. Көшеде көлік тұрағы, балалар ойын алаңы бар.
-Денешынықтыру және сауықтыру кешені - Үркерге қажетті нысан. Осы жерде бұрын мұндай нысан болған жоқ. Бұл – Үркер үшін тамаша сыйлық. Дегенмен жергілікті тұрғындар көбірек қамтылса деген ұсыныс бар. Өйткені бірқатар үркерліктер «кешенге қаланың балалары көбірек келеді, ал тұрғылықты балалар шет қалып жатыр» деген назарылықтарын айтып жүр. Ал зейнеткерлер осы жерге әлден-ақ кездесулерін өткізіп, мәре-сәре. Рұқсат берілсе, біз, депуттаттар да осында халықпен кездесу өткізіп тұрсақ деген ниеттеміз, - деді Астана қалалық мәслихатының депутаты Бахаргүл Төлеген.
Депутаттар корпусымен бірге нысанның басы-қасында болып, құрылыспен танысқан Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Қаналимов ғимаратты қарау үшін мораторий бойынша жеке кәсіпорын құра алмайтындарын, сондықтан мұны мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің балансына беріп отырғандарын айтты. Сондай-ақ құрылыс мекемесі басшыларына құрылыстағы кей кемшіліктерді түзеуге тапсырма берді. Сонымен қатар ішінде ата-аналар үшін кітапхана мен интернетке қосылуға мүмкіндік қарастырылса деген ұсынысын айтты.
Депуттаттардың келесі барған нысаны – Теміржол тұрғын алабындағы денешынықтыру және сауықтыру кешені. Аталған кешеннің құрылысы белгілі бір себептерге орай кешеуілдеуіне байланысты нысан 30 тамыз – Конституция күніне орай ашылады деп күтіліп отыр.
-Үркер мен Теміржол тұрғын алаңындағы спорттық кешендер - өзіміздің Жол картасында бар дүниелер. Бұлар - 7-шақырылым кезінде жобаланған мәселелер. Қазір құрылыс жұмыстары өз мәресіне жетуге жақын. Жобаны толығымен аяқтап, пайдалануға беру – басты міндет. Мұнда халыққа қолжетімді спорт секциялары, зейнеткерлерге арналған арнайы бөлмелер, Халыққа қызмет көрсету орталығы болады. Осы тұрғын алабының халқы спортпен осы жерде айналысуы керек. Құрылысты алғаш бастаған компания сот шешімімен бұл жұмыстардан шеттетілген болатын. Бүгінде екінші компания құрылысты аяқтап жатыр. Сондықтан бастапқы сатысынан бастап біраз ақаулар бар екенін ескеру керек. Дегенмен мұның бәрі - дұрысталатын дүние. Біз бүгін әдейілеп келіп, құрылыстың сапасын қарап, мердігер ұйымға ескертулерді айтып жатырмыз. Құрылыс компаниясы тапсырыс актілеріндегі ескертулердің бәрін орындауы керек. Сол себепті құрылыстар депутаттық корпустың бақылауында тұр, - деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Қаналимов.
Оның айтуынша, кешеннің көлемі әдепкі стандартқа сай, 2600 шаршы метр. Былтырғы Көкталдағы және Өндіріс тұрғын үй алаптарына салынған нысандармен бірдей. Үлкен зал, кіші зал, басқа да қосымша ғимараттары бар нысанда кемінде 12-14 секция ашып, 600-700 баланы қамтуға мүмкіндік бар.