Жаңа оқу жылында елордада тағы 15 мектеп ашылады

Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек дәстүрлі тамыз педагогикалық конференциясында мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалды. Бұл – мұғалімдер, оқушылар және олардың ата-аналары үшін жауапты кезең. Биыл бірінші сыныпқа шамамен 31 мың бала барады деп жоспарланып отыр.

«Бүгін ҚР премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаевпен және Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен бірге дәстүрлі тамыз педагогикалық конференциясын өткізіп, онда негізгі бағыттарды талқыладық.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалада мектептер көп салынып жатыр. Жаңа оқу жылы аясында тағы 15 мектеп ашылады. Олардың жетеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жүзеге аспақ. Жайлы мектептер арқылы ғана 28 мың оқушы орны (екі ауысымды) ашылады.
Өткен оқу жылында рекордты көлемде білім беру нысандарын салдық. Олар – 24 мектеп, нәтижесінде 66 мың оқушы орны (екі ауысымды) ашылды. 24 мектептің 16-сы – жайлы мектеп. Соңғы үш жылда 46 мектеп пен 2 оқушылар сарайы салынды.
Сол сияқты мемлекеттік балабақшалардың құрылысы қайта жанданды, оқушылар сарайы және басқа да нысандар салынып жатыр», - деп жазды Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Елорда әкімі жауапты министрлікпен, университеттермен және инвесторлармен бірлесіп, жатақхана орындарын көбейту бағытында жұмыс жүргізіп жатқандығын атап өтті.
2025 жылдың басынан бері шамамен 2 мың 700 орынға арналған жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 2 060 орынға арналған тағы 7 нысанды ашу жоспарланып отыр.
Осылайша, 2025 жылы жалпы сыйымдылығы 4 716 орынға есептелген 8 студенттік жатақхана қолданысқа беріледі.
Өткен жылы елордада жалпы сыйымдылығы шамамен 1 700 орынға арналған 5 студенттік жатақхана пайдалануға берілді.
«Жалпыға міндетті білім беру аясында шамамен 12 мың 800 оқушы көмекпен қамтылып отыр. Бір балаға берілетін материалдық көмектің мөлшері 46 мың теңгеден асады. Сонымен қатар басқа да бағдарламалар бар, оған демеушілік қаражат та тартылуда.
Жыл сайын педагогикалық мамандықтар бойынша колледждер мен жоғары оқу орындарына гранттар бөлінеді, ал жұмыс істеп жүрген мұғалімдер біліктілігін арттыру курстарына жіберіледі.
Аталған шаралардың бәрі ұстаздарымыз бен оқушыларымызды қолдауға бағытталған. Баршаңызға жаңа оқу жылының жемісті болуын тілеймін!» - деді Жеңіс Қасымбек.




