«Заң және тәртіп»: елордада студенттік жобалардың қорытындысы шығарылды


Астанадағы Қызмет көрсету және туризм колледжінде түрлі байқаулар мен қайырымдылық жобаларында белсенді студенттер марапатталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шара «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
«Қала прокуратурасы мен әкімдік бірлесіп, балалардың қатысуымен тұрақты түрде алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Бұл бағытта бізге білім беру ұйымдарының педагогтары көмектесіп жатыр. Студенттер спорттық жарыстар мен мәдени бағдарламаларға белсене қатысады. Бүгінде Қызмет көрсету және туризм колледжінің елордалық оқу орындарымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан 20-ға жуық жобасы бар», – деді қала прокурорының аға көмекшісі Айгерім Өмірзақова.
Іс-шара аясында колледж оқытушылары мен студенттері өз қолымен жасаған жұмыстардан көрме ұйымдастырды.
«Мен экология тақырыбына бұрыннан қызығамын. Бірде анаммен үйде отырып, бізде жиналып қалған полиэтилен пакеттердің көптігін байқадық. Оларды жай ғана тастамай, пайдалы бір нәрсе жасағымыз келді. Екі ай бойы екі кілемше тоқып шықтық. Осылайша пакеттерді тұрмыста қолданудың баламалы жолын таптық», – деді бірінші курс студенті, болашақ аспаз Мұхаммед Жиғалұлы.
Сонымен қатар, үздік шыққан студенттердің ата-аналарына да алғыс хаттар табысталды. Олар да колледждің іс-шараларына белсене қатысып, балалардың жобаларын жүзеге асыруға қолдау көрсеткен.
Іс-шараларға елордалық прокуратураның, мемлекеттік органдардың, «Ерекше мейрамдар» қоғамдық қорының қызметкерлері қатысты. Үздік оқушылардың ата - аналарына да сертификаттар табысталды. Сондай-ақ олар колледждегі іс-шараларға белсене қатысып, балаларға өз жобаларын жүзеге асыруға көмектесті.