Қытай елшілігі қайырымдылық акциясын өткізді


20 наурыз күні Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігі елордадағы «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорына барып, «Шуақты көктемде балаларға мейір бағыштау» атты қайырымдылық акциясын өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараға Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь қатысып, орталықтың жалпы жағдайымен танысты әрі балаларға ізгі тілегін білдірді.
Елші алдымен қазақ халқын Наурыз мейрамымен құттықтап, қазақ тілін үйренуге ниетті екенін аңғартты.
«Мен бүгін қазақ тілінде сөйлеуім керек еді, бірақ әлі үйреніп үлгермегендіктен қытай тілінде сөйлеуіме тура келіп тұр. Біз Наурыз мейрамы қарсаңында сіздермен жүздесіп отырмыз. Бұл – көктемнің, жаңарудың, отбасылық жылулықтың мерекесі. Осы орайда сіздерді шуақты мерекемен құттықтаймын!», – деді Хань Чуньлинь.
Қытай елшісі өз сөзінде Қытай мен Қазақстан арасындағы тығыз экономикалық, мәдени байланыстарды атап өтті.
«Қытай – сіздердің шығыс көршілеріңіз. Біз тек көрші ғана емес, жақын дос әрі сенімді серіктеспіз. Қазақстан мен Қытай сауда-саттық жағынан да тығыз қарым-қатынаста. Сіздердің күнделікті тұтынатын заттарыңыздың, киімдеріңіздің, ойыншықтарыңыздың біразы Қытайдан келеді. Сол сияқты Қытайда да Қазақстанның қымызын, шұбатын, ұнын тұтынады. Сондай-ақ құрылыс алаңдарында, жол жөндеу жұмыстарында екі елдің азаматтары бірге еңбек етіп, бірлікте дамуға үлкен үлес қосып жатыр», – деді дипломат.
Хань Чуньлинь екі елдің мәдениеті мен дәстүрлерінің ұқсастығын да сөз ете келіп, аталған орталыққа бұдан былай да қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
«Біздің ел дәстүрді берік ұстанады. Қарттарды құрметтеу, балаларға қамқорлық жасау – ортақ құндылықтарымыз. Қытайда «Қарияларымызға өз ата-анамыздай қамқор болайық, балаларымызға өз ұл-қызымыздай жанашыр болайық» деген нақыл сөз бар. Біз отбасылық құндылықтарға ерекше мән береміз. Сондықтан біз сіздерді тек мерекелерде ғана емес, басқа уақытта да қолдауға дайынбыз», - деді елші.
Іс-шара барысында «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорының 40 тәрбиеленушісіне сыйлықтар табысталды. Қоғамдық қор жетекшісі Ботагөз Сұлтанова Қытай елшісіне көрсеткен қолдауы үшін айрықша алғыс айтып, қайырымдылық акциясының маңыздылығын атап өтті:
«Біздің қор мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 1000-нан астам отбасына қолдау көрсетеді. Біз балаларға арнайы сабақтар, ата-аналарға тренингтер ұйымдастырамыз. Бүгін Қытай елшілігінің қолдауымен 40 балаға арнайы сыйлықтар берілді және орталымызға қажетті шағын жабдықтар сатып алынды», – деді ол.
Іс-шара аясында Қытай елшісі қор басшылығына Қытайда жасалған жоғары жылдамдықты пойыздың моделін сыйға тартып, осындай заманауи теміржол болашақта екі ел арасын жалғайтын алтын көпірге айналсын деген тілегін білдірді.
«Қытайда жоғары жылдамдықты пойыздардың орташа жылдамдығы сағатына 350 шақырымға дейін жетеді. Болашақта екі ел арасында да осындай теміржол салынса, арақашықтық тіпті жақындай түсер еді. Ежелде Қытай мен Қазақстанды Ұлы Жібек жолы байланыстырған. Ол кезде бұл жолмен керуендер, түйелер жүріп өтетін. Ал болашақта бізді жоғары жылдамдықты теміржол байланыстыратын болады», – деді елші.