UFC турнирі Астанада өте ме

UFC турнирі Астанада өте ме
eport.az

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «ММА спорты қарқынды дамып келеді. Жақында UFC президенті Дана Уайт Қазақстанда турнир өткізуге қарсы емес екенін және болашақ жоспарда барын айтты. Осы орайда Астана әлемдік турнирді қабылдай ала ма?» деген сауал қойылды.

Әрине, турнирге қызығушылық танытып отырмыз. Бұған дейін айтқанымдай, қаланың инфрақұрылымы мен ауқымды көлемдегі қонақтарды қабылдауға қауқары бар. Біздің алаң халықаралық стандарттар мен талаптарға толық сәйкес келеді. Бұл қаланың экономикасы үшін мультипликативті әсер береді, — деп жауап берді Астана қаласындағы туризмді дамыту орталығының басшысы Артем Квашук брифинг барысында.

«Астана концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасеновтің мәлімдеуінше, UFC турнирі деңгейіндегі іс-шараны «Барыс Арена» кешенінде еш қиындықсыз өткізуге болады.

Кешен UFC-дің барлық райдеріне сәйкес келеді. Оның үстіне елімізде өте танымал жекпе-жек спортшылары бар, мысалы Шавкат Рахмонов. Турнир өткізуге техникалық жағынан да, инфрақұрылым бойынша да дайынбыз. Тек жұмыс істеуді қажет ететін бағыт, халықаралық серіктестер мен демеушілерді тарту. UFC турнирінің шамамен қанша тұратынын ескерсек, жергілікті демеушілер есебінен өткізу өте қымбатқа түседі. Ауқымды коммерциялық іс-шара Қазақстанда әлі болған жоқ деуге болады. Бірақ, қазіргі нарықтың дамуымен жоғары деңгейге жетеміз деп ойлаймын, бұл 2–3 жылдың мәселесі, — дейді ол.