00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Туризм және спорт министрі Бекзат Саттарханов пен Денис Теннің аналарымен кездесті

Туризм және спорт министрі Бекзат Саттарханов пен Денис Теннің аналарымен кездесті
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордада саңлақ спортшылардың аналармен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, даңқты боксшы, Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың  анасы Сырлыкүл Саттарханованы және әлемге танымал мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннің анасы Оксана Тенді қабылдады.



«Халқымыз «Алып анадан туады» деп бекер айтпаған. Шынында да, адам бойындағы асыл қасиет пен таудай талап ананың ақ сүтімен дариды. Ана баласына берген тәрбиесі мен шексіз махаббаты оның болашағына жарқын жол ашады. Сіздер ұлдарыңызды спорт үйірмесіне қаршадайынан жетелеп апарып, чемпион атануы үшін барлық жағдайды жасадыңыздар. Саңлақтарымыз арамыздан алыстап кетсе де, олардың рухын ұлықтау, есімін ел жадында мәңгі сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүргендеріңізге куәміз. Батырларымыздың аты өшпей, әлі күнге дейін жас жеткіншектердің кумирі болып келе жатқаны ең алдымен, сіздердің арқаларыңыз», - деді Ербол Мырзабосынов.

 

Сондай-ақ министр кездесу барысында Бекзат Саттарханов пен Денис Теннің  ел спортына сіңірген еңбегі мен жанкүйер жүрегінде сақталған жарқын бейнесін жаңғырту баршамызға ортақ міндет екенін айтты. Сондай-ақ алдағы уақытта қос саңлақты жастар арасында насихаттау мақсатында бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.


Бекзат Саттарханов – 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Сондай-ақ жастар арасында әлем және Азия біріншілігінің күміс жүлдегері атанған.

Денис Тен – 2014 жылғы Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем біріншілігінің күміс және қола медаль иегері. Сонымен қатар төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы, Азия ойындары мен Универсиада чемпионы.