Тоғызқұмалақ, мангала, овари: Елордада зияткерлік ойындар қалай өтіп жатыр
Бүгін елордадағы «Думан» қонақүйінде тоғызқұмалақ, мангала, овари ойындарынан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында алғашқы ойындар өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ойыншылар алғашқы жүрісін 9 тақтадан 9 ұяшыққа 9 ойыншы салу арқылы бастады. Ойынның бұлай символикалық таңдауы Тоғызқұмалақ күніне орайластырылған. Яғни, бұл күні Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының бастамасымен 2020 жылы 9 қыркүйектен бері атап өтіліп келеді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, интеллектуалдық ойындарға әлемнің 40 елінен 130 қатысушы бақ сынап жатыр. Атап айтқанда, елордаға Колумбия, Бангладеш, Ұлыбритания, Франция, Германия, АҚШ, Қытай, Латвия, Африка елдері және Араб елдерінен ойыншылар келді.
Ашылу салтанатынан кейін, ойыншылардың қарсыластары анықталып, іріктеу кезеңі басталып кетті. Ойын терең ойды талап ететін болғандықтан жарыс алаңында барлығы тым-тырыс. Ал төрешілер зияткерлік ойынның әділ өтуін бақылауда.
Ұлттық құрама мүшесі Аңсаған Қожанәсіп бірінші кезеңде эфиопиялық спортшымен жарысқа түсіп, жеңіске жетті. Тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері 9 жасынан бері ұлттық ойынды ойнап жүр.
«Тоғызқұмалақ ойнап жүргеніме шамамен 14 жыл болды. Осы жарысқа тыңғылықты дайындалып келдім. Бірінші кезеңде эфиопиялық спортшымен жарысқа түсіп, жеңіп шықтым. Шетелдіктердің тоғызқұмалаққа деген қызығушылы жыл сайын артып келеді. Ол әлем және Азия чемпионаттарында байқалады», - деді Аңсаған Қожанәсіп.
2020 жылы тоғызқұмалақ ЮНЕСКО шешімімен адамзаттың мәдени мұра тізіміне енгізілді. Қазақтың төл зияткерлік ойыны латвиялықтар арасында да танымал. Мәселен, тоғызқұмалақ жарысына Латвиядан 4 ойыншы келген. Тоғызқұмалақ бойынша Латвия федерациясының президенті Любовь Азимованың айтуынша, бұл ойын саусақ моторикасын дамытып, адамның ойлау қабілетін жақсартады.
«Біз жарысқа дайындықты екі жыл бұрын бастадық. Биыл сәуір айында елде іріктеу кезеңін өткізіп, Дүниежүзілік көшпенділер ойынына жолдама берілді. Тоғызқұмалақ латвиялықтарға тән ойын емес. Дегенмен ол басқа ойындарға қарағанда ерекше деп айтар едім. Тоғызқұмалақты балалар ойнап бастау керек. Олар алғаш рет тоғызқұмалақ тақтасын көргенде құмалақтарға қызығушылық танытып, уысына жинайды. Әрі қарай әр құмалақты үлестіреді. Бұл қозғалыстың барлығы саусақ моторикасын дамытып, қол буындарын қыздырады. Осылайша баланың миы ойынға дайындалады. Одан бөлек бұл ойын ойлау қабілетін жақсартып, көздің жаттығуына пайдасын тигізеді», - дейді Любовь Азимова.
Латвиядағы тоғызқұмалақтан бас бапкер тоғызқұмалақ тақтасын Қазақстаннан алдыратынын атап өтті.
«Тоғызқұмалақ тақтасы Латвияда жоқ. Сондықтан біз оны Қазақстаннан арнайы алдырамыз. Ойын тақтасы жаттығуға арналған және кәсіби болып екіге бөлінеді. Біз қазір кәсіби тоғызқұмалақ тақтасымен ойнап жүрміз,- дейді Любовь Азимова.
Қытайдан келген Қабыкен Дәуітұлы бірінші кезеңде мексикалық спортшыны 35 минутта жеңіп шықты.
«Бүгін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып, тоғызқұмалақтан жарысқа түсіп жатырмын. Бірінші кезеңде мексикалық спортшыны 35 минутта жеңіп шықтым. Жалпы өзім 8 жылдан бері тоғызқұмалақтан түрлі жарыстарға қатысып келемін. Осы жарыста бар күшімді салып, жеңіп шығуға тырысамын», - деді қытайлық спортшы.
Бүгін тоғызқұмалақтан бөлек, түрік халқының зияткерлік ойыны мангала мен және Батыс Африка халықтарының зияткерлік ойыны овариден жарыстар өтіп жатыр. Бұл ойындар тоғызқұмалаққа ұқсас, тек ойын ережелерімен ерекшеленеді. Жалпы зияткерлік жарыстар 13 қыркүйекке дейін жалғасады.