Өткен жылы қалалық бюджеттің кірістері 40,2 пайызға артты


Астана қаласы мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында 2024 жылға арналған қалалық бюджеттің атқарылуы бойынша есеп қаралды. Бұл туралы Астана қаласы мәслихаты төрағасы Табиғат Зейнұлқабден өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Есептерді бюджеттік бағдарламалар әкімшілері таныстырды. Отырыста 2023 жылмен салыстырғанда қалалық бюджеттің өзіндік кірістері 40,2 пайызға артқаны атап өтілді. Бюджет түсімдерінің негізгі көзі бұрынғыдай салықтық түсімдер болып отыр», - деп жазды Т.Зейнұлқабден.
Сонымен қатар, бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.
«Атап айтқанда, кейбір басқармаларда бюджет қаражатының толық игерілмеуі, бюджетті ерте кезеңде тиімді жоспарлау қажеттігі, дебиторлық берешек көлемі және басқа да мәселелер көтерілді. Отырыс қорытындысы бойынша экономика саласына жауапты басқармалар мен Тексеру комиссияның баяндамалары тыңдалған соң, депутаттардан құралған жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Бұл топтың негізгі міндеті - қаржы қаражаттарының тиімді игерілуін бағалау, сондай-ақ бұзушылықтар мен кемшіліктердің алдын алу және оларды жою жолдарын бірлесе қарастыру болмақ», - деді ол.