«Таза сана – таза қала»: Астана күнінде ерекше эконауқан өтті


Қала мерекесінің думаны елорданың әр бұрышында қызу сезілді. Соның бірі ерекше форматтағы эконауқан - ашық аспан астындағы викторина болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен коммуналдық мекемелер арасында алғаш болып, «Астана Тазалық» ЖШС тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, экологиялық тақырыпты ойын үлгісінде жеткізуге талпынды. Қаланың орталық алаңында құрылған интерактивті аймақта елорда тарихына, қоршаған ортаны қорғауға, коммуналдық қызмет жұмысына және күнделікті тазалық ережелеріне қатысты қызықты сұрақтар қойылды.
Іс-шараға 1 мыңнан астам адам қатысты, олардың қатарында ересектер де, балалар да болды. Дұрыс жауап бергендерге «Астана Тазалық» компаниясы тарапынан 500-ден астам экологиялық мазмұндағы естелік сыйлықтар табысталды.
Балалар мен үлкендердің қызығушылығын бірдей оятқан викторинада елорданың тарихы, экология, коммуналдық қызмет пен күнделікті тазалыққа қатысты сауалдар қойылды. Акцияда ұсынылған сыйлықтардың да өзіндік тәрбиелік мәні бар: экологиялық науқан аясында алғаш рет балаларға «Балам, қоқыс тастама!», «Қызым, айналаны ластама!» деген жазуы бар футболкалар таратылды. Бұл – кішкентайлардың санасына тазалықты ерте жастан сіңірудің қарапайым, бірақ әсерлі жолы.
– Осындай шаралар қажет-ақ, – дейді қала тұрғыны Әлия Ерболқызы. – Бәріміз күнде таза көшеде жүріп, жайлы қалада тұрамыз, бірақ сол тазалықтың артында кімдердің еңбегі жатқанын біле бермейміз. Бүгін баламмен бірге ойнап жүріп, соны тереңірек түсіндік.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы акция тұрғындармен бейресми, ашық байланыс орнатудың, қоғам назарын еңбек адамдарына бұрудың тиімді жолы.
– Акцияның негізгі мақсаты – тұрғындарға тазалықты насихаттау, экомәдениетті ойын арқылы жеткізу, – дейді ұйымдастырушы Қымбат Қомытова. – Сонымен қатар жұмысшы мамандықтарының, әсіресе аула сыпырушы, көше жуушы секілді елеусіз көрінетін, бірақ қоғам үшін маңызды еңбектердің мәртебесін көтеру.
Ашық аспан астында өткен бұл қарапайым, бірақ мазмұнды іс-шара мереке күніне ерекше рең берді. Көңілді музыка, күлкіге толы сәттер, пайдалы ақпараттар – барлығы елорданың туған күніндегі серпінге серік болды.
Астана – таза қала. Ал оның тазалығы тұрғындардың саналы көзқарасы мен тазалықшылардың тынымсыз еңбегі арқылы сақталатынын бүгінгі викторина тағы бір мәрте еске салды.
– Біз үшін ең үлкен жеңіс – бір баланың көзінде «мен де тазалықты сақтауға көмектесе аламын» деген ұшқынды көру. Себебі таза қала – тек сыпырғының емес, сана мен тәрбиенің жемісі, – деді іс-шара ұйымдастырушылары қоштасар сәтте.



