«Таза Қазақстан»: елордада мектеп жанынан экологиялық бақ ашылды


Елордадағы мектептердің бірінде оқушылар мен ұстаздардың бастамасымен ерекше экологиялық жоба жүзеге асты - мектеп жанынан экологиялық бақ ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
№8 мектеп-лицейінің ауласында «ЖасЛандшафт» атты ландшафтық бақ ашылып, оқушылар үшін табиғатты тану мен жаңартылатын энергияны игерудің тәжірибелік алаңына айналды.
«ЖасЛандшафт» жобасының авторы — мектептің математика пәні мұғалімі Әбуова Гүлшат Бахиқызы. Жасыл бастаманы мектеп ұжымы мен оқушылар бірауыздан қолдап, нәтижесінде экологиялық және эстетикалық мәнге ие ерекше бақша салынды.
«Жобадағы мақсатымыз – балаларды табиғатты аялауға баулу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және мектеп ауласын жаңаша, мәнді түрде көгалдандыру», — дейді жоба жетекшісі.
Ландшафттық бақ құрамында:
• Түрлі гүлзарлар мен шөпті аймақтар;
• Табиғи тастардан жасалған шағын архитектуралық формалар, демалыс орындары;
• Көкөніс және шөптесін өсімдіктер егілген тәжірибе аймағы;
• Компост жасау алаңы;
• Күн энергиясымен жұмыс істейтін шағын фонтан бар.
Жасыл бақ - тек көркем табиғи орта ғана емес, оқушылар үшін нақты білім мен тәжірибе алаңы. Бақшадағы жұмыс барысында оқушылар биология, еңбек, экология пәндерінен алған білімдерін іс жүзінде қолданады. Жас зерттеушілер өсімдіктердің өсуін бақылап, мәселелерді анықтап, шешу жолын іздейді.
Мысалы, жақында 8-сынып оқушысы өсімдіктің жапырағының өзгерісін байқап, оның себебін анықтау үшін шағын зерттеу жүргізген. Бұл оқушылардың сыни ойлау, жауапкершілік, бақылау дағдыларын дамытуға үлкен мүмкіндік береді.
Жобаға мектеп мұғалімдерімен қатар, оқушылар мен “Жасыл ел” бағдарламасының жас еріктілері де белсене қатысқан. Олар бірге жоспар жасап, бақшаны абаттандырып, су жүйесін орнатып, ландшафттық композициялар әзірледі.
«ЖасЛандшафт» – балаларды еңбекке баулып, табиғатпен үйлесімді өмір сүру мәдениетін қалыптастыратын ерекше орта. Бұл — тәрбиенің тірі мысалы», — дейді жобаға қатысқан ұстаздар.
«ЖасЛандшафт» — бұл тек демалыс аймағы емес, экологиялық сауаттылықты дамытуға арналған білім беру кеңістігі. Оқушылар таза энергия, жасыл технологиялар, табиғатпен үндес тіршілік туралы нақты түсінік алып, тәжірибе арқылы үйреніп жатыр.
Жоба “Таза Қазақстан” ұлттық бастамасының мақсатымен үйлесіп, елдегі экологиялық тәрбие берудің озық үлгісіне айналып отыр.
Сара Қамзаева