«Таза Қазақстан»: Астаналықтар онлайн чат-ботқа 1 200-ден астам өтініш қалдырған
Астанада «Таза Қазақстан» онлайн-платформасы арқылы қала тұрғындарының өтініштерін қабылдау жалғасып жатыр. Мұнда әрбір қала тұрғыны қаланы абаттандыруға қатысты мәселені қозғай алады. Жүйе жұмыс істей бастағалы бері 1 200-ден астам өтініш түсіп, оның мыңнан астамы орындалды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Чат-бот іске қосылғаннан бері қала тұрғындары 1 293 өтініш қалдырса, оның 1 129-ы орындалды, қалған бөлігі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Түйткілді мәселелердің санаттары анықталып, жауапты тұлғалар тағайындалды. Өтініштердің негізгі санаттарына абаттандыру, жарықтандыру мәселелері, жол жөндеу, көгалдандыру, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою жатады.
«Қыс мезгілінде қоңыраулар көбейеді, өйткені еріген қар суы салдарынан аялдамалар тұрақты тазалануы керек. Сонымен қатар аялдамалардағы жылу жүйелерінің жұмысына байланысты өтініштер түсіп жатыр. Барлық ескерту уақтылы өңделеді, бұл тұрғындар үшін қолайсыздықты азайтуға көмектеседі», - делінген хабарламада.
«Таза Қазақстан» порталының басты артықшылығы – тұрғындарға жылдам және ашық байланыс.
Тұрғындармен белсенді байланыс орнатылып, олардың ескертулері мен ұсыныстары ескеріліп жатыр.