Тұрғындар тілегі ескеріледі – елорда әкімі
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Есіл ауданының тұрғындарымен кездесіп жатыр, деп хабарлады Elorda.info.
Алдымен Есіл ауданының әкімі Асылбек Есенбаев бүгінгі таңда аудан аумағында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Одан соң алдағы жоспарларымен бөлісті.
Кездесуге келген халықтың қарасы көп болды. Оларды толғандырған мәселе де аз болған жоқ.
Маңызды және күрделі мәселелердің бірі – тозығы жеткен апатты тұрғын үйлерді бұзу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа қатысты мәселелер болды. Сондай-ақ әлеуметтік баспана проблемасы да назардан тыс қалмады. Осыған орай қала басшысы биыл мамыр айының аяғына дейін көпбалалы отбасыларға нақты 200 пәтер берілетінін атап өтті.
Сонымен бірге абаттандыру және тал егу, қоғамдық кеңістіктер, медицина саласы бойынша, газдандыру тақырыптары да қозғалды. Бұл ретте Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қалада тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің бірқатар нысаны салынатынын, инженерлік желілерді жаңғырту, электр қосалқы стансаларын реконструкциялау және т.б. жұмыстарды жүргізудің жалғасатынын, тұрғындардың тілегі ескерілетінін жеткізді.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ