Студенттер дебатында еліміздегі су қауіпсіздігі мен ресурстарды басқару мәселесі талқыланды

Студенттер дебатында еліміздегі су қауіпсіздігі мен ресурстарды басқару мәселесі талқыланды
Фото: ұйымдастырушылардан

Қазақстан суға бай мемлекет болғанымен, оны тиімді пайдалану мен басқару мәселелері әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Осы күрделі тақырып «Хабар» телеарнасындағы «Азамат» интеллектуалды пікірсайыс бағдарламасының жаңа шығарылымында қызу талқыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Студенттердің өткір пікірлері мен нақты ұсыныстары суды басқарудың бүгінгі ахуалына жаңаша көзқарас қалыптастырды.

Пікірсайыс алаңында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің және Тұран университетінің командалары су тапшылығы, инфрақұрылымның тозуы және ресурстарды тиімсіз басқару мәселелерін терең талдады.

Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенттері елдегі тұтынылатын судың 60–70 пайызы өзендерден алынатынын, ал олардың көпшілігі шекаралас мемлекеттерден бастау алатынын атап өтті. Студенттердің айтуынша, трансшекаралық тәуелділік климаттық өзгерістер жағдайында елдің су қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін. Олар су тапшылығын азайту үшін: жаңа су қоймаларын салуды; су саласы үшін кәсіби мамандар даярлауды; өндіріс орындарына суды қайта өңдеу жүйелерін міндеттеуді; тұрмыстық секторға сенсорлы су есептеуіштер енгізуді ұсынды. Сонымен қатар, тұтыну көлеміне қарай дифференциалды тариф жүйесін енгізу қажеттігі де қозғалды.

Тұран университетінің студенттері өз кезегінде судың 65 пайызы ауыл шаруашылығында қолданылатынын, бірақ оның жартысынан көбі ескі суару жүйелерінің кесірінен ысырап болатынын мәлімдеді. Олар тамшылатып суару әдісін жаппай енгізуді және қалдық суларды қайта өңдеу деңгейін арттыруды, биологиялық, механикалық және мембраналық тазарту технологияларын кезең-кезеңімен іске қосуды ұсынды.Бүгінгі күні Қазақстанда қалдық суды қайта өңдеу көрсеткіші небәрі 2,5%, ал дамыған Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 80–90% аралығында.


Қазылар алқасының шешімі бойынша Тұран университетінің командасы жеңіске жетті. Сарапшылар олардың мәселеге терең талдау жасап, нақты әрі жүзеге асыруға болатын ұсыныстар ұсынғанын ерекше бағалады.Бағдарлама төрешілері қатарында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров және Qazaq Debate қозғалысының негізін қалаушы Ерболат Мұхамеджан болды.

«Азамат» жобасы – ұлттық пікірсайыс мәдениетін жаңаша форматта дамытуды мақсат еткен бірегей платформа. Жоба ҚР Парламенті Мәжілісінің, Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми қолдауымен жүзеге асырылуда.