«Сарыарқа» ауданында 16 аула күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды


Халықаралық балаларды қорғау күніне орай елордадағы «Сарыарқа» ауданында жаңартылған және абаттандырылған 16 аула салтанатты түрде ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, аулалар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында абаттандырылды.
Әр аулаға қауіпсіз резеңке төсеніш төселіп, заманауи ойын және спорт элементтері, футбол алаңдары орнатылып, көше жарығы жақсартылды.
«Біздің ауламыз жөндеу көрмегеніне 20 жылдан асқан еді. Енді бұл жерде балаларға әдемі, заманауи әрі қауіпсіз жағдай жасалды», – деді тұрғындардың бірі Ирина Чипурина.
Аулалар Ы.Дүкенұлы, Ш.Айманов көшелері, Республика даңғылы мен Бөгенбай батыр көшесі шеңберінде, сондай-ақ Павлов көшесі, 29, Ы.Дүкенұлы көшесі, 37/1, Республика даңғылы, 39 және басқа мекенжайларда ашылды.
Ашылу күні балаларға арналған ертегі кейіпкерлері қатысқан ойын бағдарламалар, конкурстар ұйымдастырылып, сыйлықтар таратылды.
«Біз аулалар мен қалалық аумақтарды абаттандыру жұмысын жалғастырамыз. Ең басты құндылық – тұрғындардың белсенділігі мен бастамасы», — деді Сарыарқа ауданының әкімі Жанасыл Шаукентаев.
Аудан бойынша Ә.Мәмбетов, Гете, Ғұмар Қараш көшелері мен Республика даңғылын абаттандыру жоспарланған. Жаңа көше жабдықтары, жарық бағаналары орнатылып, қоғамдық кеңістіктер дамытылады.
Жалпы, биыл қала бойынша 180-нен астам аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланып отыр.



