«Сарайшық» ауданына қосымша сергек камералары орнатылады


Бүгін Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек «Сарайшық» ауданының тұрғындарының сауалдарына жауап берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Отау» шағын ауданы күннен-күнге дамып жатыр. Жайлы мектеп ашылды, автобус та қатынайды. Менде бірнеше сұрақ бар. Біріншісі, екі көшенің ортасына жаяу жүргіншілерге арналған жол салынды. Бірақ соның ортасындағы жолда көліктер үлкен жылдамдықпен жүреді. Сол жолға жылдамдықты азайтатын болмаса бейне бақылау камерасын орнатуға бола ма? Екіншісі, «Отау» тұрғын үй кешені 11 үй маңында көлікке арналған тұрақтар жоқ. Осы мәселені шешіп бере аласыздар ма?», - деді тұрғын.
Бұл сұрақтарға Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек жауап берді.
«Біріншіден, «Отау» шағын ауданына 2 ай ішінде қосымша сергек камералары орнатылады. Екіншіден, жер асты тұрағы – бұл үлкен проблемалардың бірі. Ашық тұрақ та жетіспей жатыр. Біз мұны жаңа бас жоспарға енгізіп жатырмыз. Жаңа бас жоспар тамызға дейін шығады. Жалпы жабық жер асты тұрағын салу жұмысын инвесторлармен бастаймыз», - деді Жеңіс Қасымбек.