СҚО-да биыл мыңнан астам мас жүргізуші жауапқа тартылды
СҚО-да биыл мыңнан астам мас жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті жанындағы консультативтік-кеңесші органның биылғы соңғы отырысының тақырыбы жол қауіпсіздігі мәселелері болды.
СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Уәлихан Оразалин өз баяндамасында жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің іс-әрекеті екенін атап өтті.
«11 айда облыста жол жүрісі қағидаларын бұзудың 65 мыңға жуық дерегі анықталды. Ең жиі кездесетіні — жылдамдықты арттыру (10 мыңнан астам), көлік жүргізу кезінде жүргізушілердің телефонды пайдалануы (2,7 мыңнан астам факт). Сонымен қатар, полицейлер облыс жолдарында 1098 мас жүргізушіні тоқтатты», - делінген хабарламада.
Полицейлер мен консультативтік-кеңесші орган мүшелері профилактикалық жұмысты жалғастыру туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ бірқатар жаяу жүргіншілер өткелдеріне бағдаршам орнату, автотрассаларда шулы жолақтар салу, Петропавлдағы көлік қозғалысы көп көшелердің қиылыстарында оң жаққа еш кедергісіз кете алатын бұрылыстар салу құрылысын жалғастыру, қолданыстағы бағдаршам объектілерін таймерлермен толықтыру қажеттігі туралы мәселелерді қарастырды.