Президент «Қазпошта» АҚ басқармасы төрағасын қабылдады
Мемлекет басшысы «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасованы қабылдады, деп хабарлады Elorda.info Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Әсел Жанасова «Қазпошта» акционерлік қоғамының биылғы 8 айда атқарған жұмыстарының нәтижесі жөнінде баяндады.
Атап айтқанда:
Компания шығындарды оңтайландыру, электронды коммерцияны және басқа да қаржылық қызметтерді дамыту есебінен соңғы 5 жылда алғаш рет шығыны аз, табысты мекемеге айналған;
«Қазпоштаның» 8 айдағы кірісі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 44 пайызға немесе 16,7 миллиард теңгеге артқан.
Еліміздің шалғай елді мекендерінде «Қазпоштаның» бөлімшелер желісін кеңейту жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл пошта, қаржы, агенттік, әлеуметтік және мемлекеттік қызметтерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді;
«Қазпошта» акционерлік қоғамы электронды коммерция нарығының субъектілері үшін бірыңғай экожүйе құратыны жөнінде мәлімет берді. Ол үшін компания фулфилмент орталықтарын дамыту, отандық және шетелдік танымал маркетплейстер үшін тапсырыстар беру пункттерін ашу, қоймалар мен поштамат желілерін кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатыр;
Ақтөбе қаласында, Түркістан және Алматы облыстарында логистикалық хаб салу жоспары бойынша таныстырды. Мұндай логистикалық хаб осы аптада Астана қаласында ашылмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның қаржылық жағдайын жақсарту жұмыстарын жалғастыруды, ауыл тұрғындарына көрсетілетін әлеуметтік және мемлекеттік қызметтер аясын ұлғайтуды тапсырды.