00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Полицейлер астаналықтарды вандализммен бірге күресуге шақырады

13 қараша, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Полицейлер астаналықтарды вандализммен бірге күресуге шақырады
Фото-коллаж: Elorda.info

Астана қаласының Полиция департаменті елорда көшелері мен қоғамдық орындағы тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар кешенін, оның ішінде вандализм актілерінің алдын алу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлады Elorda.info.

 

Биыл Президенттің тапсырмасы бойынша вандализм актілері, қоғамдық және жеке мүлікті бүлдіру әрекеттері үшін жауапкершілік күшейтілді. 

Жыл басынан бері елордада Әкімшілік кодекстің 147-1-бабы «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бойынша полиция 120 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Мысалы, Шаймерден Қосшығұлұлы көшесінде ер адам шлагбаумды қасқана бүлдірді. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен қала тұрғынына айыппұл салынды. Одан бөлек, жақында ғана қаламыздың тағы бір тұрғыны бұзақылық ниетпен Республика даңғылындағы автобус аялдамасының әйнегін сындырды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде құқық бұзушы тез арада анықталды. Қазіргі уақытта осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабымен «Бұзақылық» сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деді Астана қаласы ПД бастығының бірінші орынбасары Дәурен Қазбеков. 

Сонымен қатар ұсақ құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеу қағидатын іске асыру шеңберінде жыл басынан бері құқық бұзушыларға қатысты 1 244 хаттама толтырылды. 

Құрметті азаматтар! Сіздерді қоғамдық тәртіпті сақтауға және қала мүлкіне ұқыпты болуға шақырамыз. Кез келген құқық бұзушылық анықталып, соңы жауапкершілікке әкелетінін ұмытпаңыздар! Ішкі тәртіп, заңға және басқа адамдардың құқықтарына құрметпен қарау – бұл қазақстандық қоғам ұмтылуға тиіс нормалар, – деді Д.Қазбеков.