Отбасындағы зорлық-зомбылықты қалай тоқтатуға болады?
Елордада «Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес: проблемалары мен шешімдері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр, деп хабарлады Elorda.info.
Конференцияға осы саладағы беделді сарапшылар – құқық қорғаушылар, әртүрлі елдердің омбудсмендері, халықаралық, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, дағдарыс орталықтарының басшылары, зерттеушілер, ғалымдар, депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері мен қоғамдық пікір көшбасшылары жиналды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты, сондай-ақ әйелдер құқығын және гендерлік теңдік проблемаларын азайтуға бағытталған әкімшілік және қылмыстық заңнаманы жетілдіру.
БҰҰ мәліметтері бойынша жыл сайын 14 жасқа толмаған 2 миллионға жуық бала ата-анасының зорлық-зомбылығынан зардап шегеді. Еуропалық Одақта әрбір бесінші әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Қазақстан бүкіл прогрессивті халықаралық қоғамдастық сияқты тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауды әлеуметтік бағдарланған мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі ретінде қарастырады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық тек адам құқығын бұзу ғана емес, сонымен қатар отбасы институтының дамуына айтарлықтай кедергі келтіретін және әлеуметтік құндылықтарды бұзатын фактор ретінде белгіленген, - деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.
Артур Ластаев Ұлттық орталыққа ағымдағы жағдайды талдауды, қолда бар деректер мен азаматтық сектор және де мемлекеттік органдардың бастамаларын қорытындылауды тапсырғанын баса айтты.
Біз отбасындағы зорлық-зомбылықтың негізгі себептерін, оған ықпал ететін жағдайларды анықтауға және жағдайды жақсарту бойынша нақты шараларды әзірлеуді талқылауға тырыстық, - деп қосты ол.
Ұсыныстар Мәжіліс депутаттарына талқылауға жіберіледі.
Мемлекет басшысы атап өткендей, біз үшін кез келген құқық бұзушылыққа, әсіресе зорлық-зомбылыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыру маңызды. Бірлескен күш-жігер арқылы біз азаматтардың құқықтық мәдениетін және заңды құрметтеуді арттыруымыз керек. Мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне бейжай қарамайтын мамандар бас қосты. Бүгін сындарлы және мағыналы диалог болатынына сенімдімін. Бірлесіп әзірленген идеялар мен ұсыныстарды Мәжіліс депутаттарына зерделеуге жібереміз, - деді Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы Салтанат Тұрсынбекова.
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко ауыр қылмыстар саны 2583-ке жеткенін атап өтті.
Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті жақсартуға бағытталған бірқатар шаралар қабылданды. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың барлық санаттарының ішінде ең үлкені ауыр қылмыстар, 8 жылдан астам уақыттың ішінде олардың саны 2583-ке жетті, жылына орта есеппен - 322. Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы аса ауыр қылмыстардың саны осы мерзімде 1112-ні құрады. Барлық статистикалық көрсеткіштер отбасылық құндылықтарды сақтай отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты заңнамалық және ұйымдастырушылық шараларды одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетеді, - деді ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко.
Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева балаларға қатысты зорлық-зомбылық проблемаларын көтеріп, сол бойынша ұсыныстар айтты.
Құжатта зорлық-зомбылық құрбандары болған балаларға көмек көрсетудің бірыңғай бағдарламасын іске асыру, балалар инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстардың жазасын қатайту, агрессорларға психологиялық көмек көрсету курстарын енгізу стандарттары әзірленді. Бұл, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты физикалық зорлық-зомбылық пен қатыгездікпен байланысты қылмыстар бойынша тараптардың татуласу мүмкіндігін және тағы басқаларды жоққа шығарады, - деп атап өтті спикер.
Қатысушылар отбасылық құндылықтарды сақтау және нығайту, отбасылардың әлеуметтік әл-ауқаты, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін және алдын алу шараларының басымдылығын арттыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықты анықтау және алдын алу, сондай-ақ осы бағытта заманауи цифрлық тәсілдерді енгізу мәселелеріне назар аударды.