Онлайн-несие ережелері өзгереді: 55 жастан асқандарға шектеу қойылмақ


Қазақстанда онлайн-кредит рәсімдеуге қатысты жаңа шектеулер ұсынылды. Бұл бастаманы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі көтеріп отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жаңа нормалар банктер мен микроқаржылық ұйымдардың жұмысын бақылауды күшейту, алаяқтық схемаларды азайту және қазақстандықтардың борыш жүктемесін төмендету мақсатында әзірленген.
Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Қоғамдық талқылау 2025 жылғы 18 шілдеге дейін жалғасады.
Негізгі өзгерістер қандай?
Агенттік ұсынып отырған жобада келесі өзгерістер қарастырылған:
Онлайн-кредитті кешіктіріп аудару
Егер тұтынушылық онлайн-кредиттің сомасы 150 АЕК-тен (бүгінде 680 000 теңгеден) асса, қаражат 24 сағаттан кейін ғана аударылады
Бұл ретте eGov порталы арқылы қарыз алушының келісімі қажет болады.
Бір күнде бірнеше микрокредит алуға тыйым
Бір адам бір күнде бірнеше МҚҰ-дан несие рәсімдесе және олардың жалпы сомасы 150 АЕК-тен асса, жаңа займ рәсімдеуге шектеу қойылады
Алғаш рет несие алушылар тек банкке барады
Егер азамат алғаш рет 150 АЕК-тен жоғары сомаға несие алса, келісімшарт тек жеке қатысу арқылы ғана жасалады
Жас ерекшелігіне байланысты қосымша талап
21 жасқа дейінгі және 55 жастан асқан азаматтар тұтынушылық несиені арнайы жеке келісіммен ғана рәсімдей алады
Қаржы омбудсмені қазақ тілін білуі тиіс
Жобаға сәйкес, банктік және микроқаржылық омбудсмендер мемлекеттік тілді B2 деңгейінде меңгергенін ҚАЗТЕСТ сертификатымен растауы қажет.
«Мақсат – несие беру тәртібін қауіпсіз әрі ашық ету, борышқа батуды азайту және халықтың мүддесін қорғау», – делінген ҚНРДА хабарламасында.
Несиелеудің күрделі тенденциясы
Соңғы жылдары Қазақстанда онлайн несие алаяқтығы мен қайта-қайта несие алу жиілеп кеткен. Әсіресе егде жастағылар мен жастар алаяқтардың құрбанына айналып, қарыз жүктемесі артып отыр. Бұл өзгерістер осы олқылықтардың алдын алу үшін қолға алынған.