00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Олжас Майтканов: «Дроперлер» алаяқтардың сыбайласы ретінде жауапкершілікке тартылады

Олжас Майтканов: «Дроперлер» алаяқтардың сыбайласы ретінде жауапкершілікке тартылады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Алаяқтар жаңа заманға сай айласын асырып, енді интернет кеңістігін өздерінің оңай олжа табатын алаңына айналдырды. Ұрлықты басып озған киберқылмыспен күрес қалай жүргізілуде? Elorda.info тілшісі мәселе төңірегінде Астана қаласы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы киберқылмысқа қарсы күрес бөлімі бастығы Олжас Майткановтан сұхбат алды. 

 

-Департаментте интернет алаяқтықпен күрес қалай жүруде? 

Әлеуметтік желідегі қылмыс көпшілікті алаңдатып отырған басты мәселелердің біріне айналды. Өкінішке орай, соңғы статистика бойынша интернет алаяқтық бүгінде ұрлықты басып озып тұр.  Құқық қорғау орындары қылмыстың осы түрімен күресуге басымдық беріп отыр. Киберқылмыспен күрес және тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында меморандумдарға қол қойып,  келісімшарттар жасасып, түрлі ұйымдарды бірлескен іске жұмылдырудамыз. Ең басты мақсатымыз – интернет алаяқтықтың алдын алу. 

- Биыл қанша киберқылмыс ашылды? 

Өткен 10 айда қала аумағында 4129 қылмыс анықталып, оның 720-сы ашылды. Жалпы, қылмыстың бұл түрі бүгін жасалып, бүгін ашыла салмайды. Бұл - өте сирек кездесетін жайт. Өйткені интернет кеңістігіндегі қылмысты табу белгілі бір уақытты алады. Тергеп-тексеруге көп уақыт кетеді. Сондықтан жоғарыда айтылған ашылған қылмыстардың саны әлі толығады. 

-Әдетте жоқтан ақша жасаушы қулардың қармағына кімдер түседі?

Интернет қолданушылардың қай-қайсы да алаяқтардың арбауына түсіп қалуға бейім. Көбіміз желінің арғы жағындағы сатушының шын айтып тұрғанына, тауардың барына, сапасының дұрыс екеніне көзіміз жетпей жатып, алдын ала ақша аударамыз. Жастар жағы интернет-саудада ақшасынан қағылып жатса, тұрғындардың қаржылық сауаты аз тобы банк қызметкерлерінің атын жамылып қоңырау шалған қуларға алданып жатады. 

- Киберқылмыстың алдын алуда заңға қайшы әрекеттерімен көзге түскен сайттар бұғатталатынын білеміз. Бірақ олардың иелері аз уақыттан соң жаңа сайт ашып алмауларына кім кепіл? 

Егер олар сайтты бұғаттағаннан кейін жаңасын ашса, біз оған ештеңе жасай алмаймыз. Себебі ешкімнің интернет кеңістігіндегі бостандығы шектелмеген. Instagram, Telegram сияқты әлеуметтік желілерді айтып отырсаңыз, онда бұл платформаларда кез келген адам жаңадан тіркеле алады. Әрі белгілі бір лақап атпен тіркелген адамның кім екенін анықтау мүмкін емес. 

-Интернет алаяқтықпен күресте қоғамның күшіне арқа сүйейсіздер ме?

Иә, дәл қазір біз мұндай қолдауға зәруміз. Өйткені құқық қорғау органдары мен атқарушы биліктің әрбір адамды сақтандыруға шамасы келмейді. Әрбір тұрғынға барып түсіндіру мүкін емес. Мұндайда волонтерлердің көмегі керек-ақ. 

Ал өз күшімізбен медицина, білім қызметкерлері және жоғары оқу орны студенттері мен 10-11 сынып оқушылары үшін дәріс жүргізіп жатырмыз. Бұл жерде студенттерді «дропер» болмауға шақырамыз. Алаяқ пен алданушының арасындағы ақша аудару процесіне  қатысатын «дроперлер» өздерінің қылмысқа қатысы барын біле бермеуі мүмкін. Алайда қылмыс әшкереленгенде олар алаяқтардың сыбайласы ретінде жауапкершілікке тартылады. Сондықтан «дроперлік» арқылы табыс табуды көздеген жастар сақ болғаны жөн дер едім. 

-Сұхбатыңызға рахмет!