00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Оқушылар адам өмірін құтқаратын сағат ойлап тапты

Оқушылар адам өмірін құтқаратын сағат ойлап тапты
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

«Екінші жүрек» деп аталатын сағат инсульт, инфаркт және тағы да басқа талма аурулары бар науқастарға арналған, деп хабарлады Elorda.info.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, сағат иесінің жүрек соғысы мен қан қысымын бақылауда ұстап, адам өміріне қауіп төнген жағдайда белгі береді. Бұл ақылды сағатты Дарынды балаларға арналған Жамбыл облыстық мамандандырылған лицейдің 9-сынып оқушысы Дулат Исабек пен 8-сынып оқушысы Адия Тұрсынбай ойлап тапқан.

Сағатқа дене температурасын, қандағы оттегі пайызын, жүрек қағысын бақылап тұру функциялары енгізілген. Сондай-ақ, бұл құрылғы науқас құлап, қозғалыссыз қалған жағдайда туысына немесе жедел жәрдемге дабыл жібереді. Ең бастысы, науқастың мекен-жайын, жатқан жерін нақты көрсетеді.

«Науқастарға түрлі себептермен алғашқы көмек уақытынан кеш беріліп жататын кездер болады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін осы сағатты ойлап таптық», - дейді жас өнертапқыш Дулат Исабек.

Оқушылардың өнертабысын сынап көру үшін кардиолог пен пациенттердің портативті аппаратпен динамикалық бақылауы жүргізілді. Дулат пен Адия алдағы уақытта сағатты адамдардың үнемі тағып жүруіне ыңғайлы етіп жасау жолдарын қарастыруда.