00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада көктемгі су тасқынына дайындық шаралары басталды

18 наурыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада көктемгі су тасқынына дайындық шаралары басталды
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметінен

Елорда аумағында су тасқыны болуы мүмкін 20 аумақ бар, деп хабарлады Elorda.info.

Олар – Алматы ауданындағы 5 аумақ, Байқоңыр ауданындағы 4 аумақ, Нұра ауданындағы 6 аумақ, Сарыарқа ауданындағы 3 аумақ, Есіл ауданындағы 2 аумақ.  Бұл туралы «AMANAT»  партиясының баспасөз қызметі мәлімдеді. 

«AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы Атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Мұхаммед Болысбек, қалалық мәслихат депутаты Қанат Естек бастаған топ «Астана қаласын Есіл өзенінің тасқын суларынан қорғау» бөгетіне барып, көктемгі су тасқынына дайындық деңгейімен танысып қайтты.

Елорда тұрғындары мен оған жақын орналасқан елді мекендерді сумен қамтамасыз ететін Астана су қоймасының сыйымдылығы – 410,90 млн текше метр. Бұл  елорда мен оған жақын орналасқан елді мекендерге су тасқыны қаупі төніп тұрған жоқ дегенді білдіреді. «Қазгидромет» наурыз бен сәуір айларында да жауын-шашын мол жауатынын болжаған. Десе де, «Нұра-Есіл» каналы мен «Майбалық» көлі арасында орналасқан канал қардан тазартылып, су қоймасы мен Астанадағы жалғыз бөгет су тасқыны маусымына дайын тұр, - деді  «Астана қаласын Есіл өзенінің тасқын суларынан қорғау» бөгетінің басшысы Әлібек Жайлауов.

Сондай-ақ, бүгін  Астана қалалық филиалында «Партия мүшелерінің, Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар қызметкерлерінің су тасқынына дайындық жөніндегі қызметі туралы» атты Партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті.

Оған Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, мәслихат депутаттары, Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері қатысты.

Комисся отырысында су тасқыны жағдайының қауіп-қатерін азайту мәселелері қаралды.

Сондай-ақ, кездесу барысында Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті биыл су тасқыны кезеңіне дайындық шеңберінде жеке құрамның 500-ден астам адамы, 150-ден астам техникасы, 3 жүзу құралы, 65 мотопомпасы жұмылдырылғанын мәлімдеді.