«Нұра» шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды
«Үркер» тұрғын алабында «Нұра» дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Енді жаңа нысанда іріктеуден өткен 260 оқушы заманауи үлгідегі спорт, фитнес және велоспорт залдарын тегін тамашалай алады, деп хабарлады Elorda.info.
2 600 ш.м. астам залда балалар спортпен, көркем гимнастика батут гимнастикасымен айналыса алады. Сондай-ақ, олар қазақша күрес, киокушинкай-кан каратэ, дзюдо, кикбоксинг, пауэрлифтинг және муатай сияқты спорт түрлерін үйрене алады. Сонымен қатар, бұл жерде мектеп оқушылары тоғызқұмалақ, үстел теннисі және велоспорт бойынша сабақтарға қатысуға мүмкіндік алды.
Менің ойымша, бұл кешен «Үркер» тұрғын алабының барлық тұрғындары үшін қажет орынға айналады. Балаларымыз оқитын, зейнеткерлеріміз демалатын жер болмақ. Мұнда жаттығатын жастардың болашақта даңқты спортшы болатынына сенімдімін, – деді Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов.
Жаңа спорт кешеніне тіркелуге өтініштер 5-20 шілде аралығында қабылданады. Қажетті құжаттар тізімі Нұра ауданы әкімдігінің ресми парақшаларында жарияланатын болады.
Бізде осындай кешеннің болғанына қуаныштымын. Екі балам бар, ұлым мен қызымды спорт үйірмелеріне жазғым келеді. Осының барлығы олардың денсаулығы мен жарқын болашағы үшін қажет, – дейді «Үркер» тұрғыны Гүлшан Амангелдинова.
Сонымен қатар, нысанда көп функциялы болады. Бұл жерде Халыққа қызмет көрсету орталығының бөлімшесі мен полиция бөлімшесі де орналасады. Сонымен қатар қарттарға арналған түрлі клубтар жұмыс істейді.
Малика ГАЛИЕВА