Нұра ауданында Астана күніне орай аулалар мен гүлзарлар ашылды

7 шілде, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Нұра ауданында Астана күніне орай аулалар мен гүлзарлар ашылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана күніне орай елордадағы Нұра ауданында үш жаңартылған қоғамдық кеңістік салтанатты түрде ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Сонымен қатар, Орталық саябақтың барлық аймағы қайта жаңғыртылып, толықтай пайдалануға берілді.

Мерекелік күнде Үркер тұрғын алабындағы үш гүлзар – №69 мектеп-гимназиясының артындағы гүлзар, «Нұра» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жанындағы аумақ және «Айғыржал» гүлзары қайта жөнделіп, тұрғындар игілігіне ұсынылды.

Сондай-ақ «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында абаттандырылған бірқатар жаңа аула да ашылды. Солардың бірі – Тұран даңғылы, 56 мекенжайындағы «Ғылыми» тұрғын үй кешенінің ауласында балаларға арналған ойын алаңы, спорттық жаттығу құрылғылары және шағын сәулет нысандары орнатылды.

«Шыңғыс Айтматов көшесі, 31 мекенжайында орналасқан аулада балалар үшін заманауи футбол алаңы ашылды. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясындағы жұмыстар аяқталды.

Алайда аудан аумақтарын көркейту жалғасып жатыр – алда өзге де аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді жөндеу жоспарланған», – деп мәлімдеді Нұра ауданының әкімдігі.

Жаңартылған аулалардың тұрғындары жасалған өзгерістерге ризашылық білдірді.

«Біз болып жатқан оң өзгерістерге қуаныштымыз. Балаларға ойнап, демалуға қолайлы жағдай жасалғанына дән ризамыз. Астана жыл өткен сайын көркейіп келеді», - деді аудан тұрғыны Қобыланды Дәулетов.

Айта кетейік, бұған дейін де Нұра ауданында бірнеше аула абаттандырылған болатын. Атап айтқанда, Мәметова көшесі, 2, 2/1, 8, 10, Сығанақ көшесі, 14, 18, Әнет баба көшесі, 11/2, 11/3, Қ.Мұхамедханов көшесі, 28, 28А, 28Б мекенжайларындағы аулалар жаңартылды.

«Бүгін ашылған аулаларда жұмыс алдыңғы кезеңдегі аула абаттандыруынан кейін басталды. Жалпы, аудандағы абаттандыру жұмыстары көктем шыққалы бері қарқынды жүргізілуде», - деп қосты аудан әкімдігі.

Еске сала кетейік, биыл Астанада шамамен 170 аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, скверлер, бульварлар) абаттандырылады. Бұл жұмыстар қаланың барлық аудандарын, соның ішінде тұрғын алаптарды да қамтиды. Қазіргі таңда сол жұмыстардың басым бөлігі аяқталған.