Нұрқанат Серікбаев әскерилер арасында әлем чемпионы атанды
Ташкентте әскери қызметшілер арасында дзюдодан өтіп жатқан әлем біріншілігінде Армия орталық спорт клубының спортшылары алтын, күміс және екі қола иеленді, деп хабарлады Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
«60 келіге дейінгі салмақта финалдық жекпе-жекте қазақстандық дзюдошылар ефрейтор Нұрқанат Серікбаев пен ҚР Қарулы Күштерінің қызметкері Шерзод Давлатов қызыл кілемге шықты.Екі спортшы да жоғары деңгейде күресті. Қосымша уақытта ғана жеңімпаз анықталды. Нәтижесінде ефрейтор Нұрқанат Серікбаев чемпион, ҚР Қарулы күштерінің қызметкері Шерзод Давлатов күміс жүлдегер атанды.
Әлем чемпионатының қола жүлделерін дзюдошылар – ҚР Қарулы күштерінің қызметкерлері Жанарыс Рахметқали (66 келі) мен Бақытжан Әбдірахманов (73 келі) еншіледі», - деп жазылған хабарламада.
Еске сала кетейік, турнирге 29 елден 214 дзюдошы қатысып жатыр. Жарыс 18 қазанға дейін жалғасады.