00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Өмірімде бірінші рет»: Елордалық полицей әйел бассейндегі құтқару оқиғасы туралы айтты

«Өмірімде бірінші рет»: Елордалық полицей әйел бассейндегі құтқару оқиғасы туралы айтты
фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Осыдан екі күн бұрын, яғни 7 тамыз күні әлеуметтік желілерде елордада суға батып кеткен баланы құтқару сәті түсіп қалған видео тарады. Бейнебақылау камерасына түсіп қалған оқиғада судан ес-түссіз шыққан балаға жүрек-өкпе реанимациясы жасалғанын көруге болады. Elorda.info тілшісі балаға алғашқы медициналық көмек көрсеткен Назым Шәріповамен байланысқа шығып, сол күнгі оқиға туралы сұрастырды. 

Астанадағы қоғамдық бассейндердің бірінде болған оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Анықталғандай, баланы өлімнен құтқарған Назым Шәріпова Есіл ауданының полиция басқармасында жұмыс істейді. Полиция майорының сөзінше, оқиға 1 тамыз күні болған. 

Негізі бұл оқиға тамыздың алғашқы күні болған еді. Сол күні мен жұмыстан тыс уақытта отбасыммен қаладағы қоғамдық бассейннің біріне демалуға бардым. Шамамен сағат күндізге 11-12 кезі.  Телефонымды жоғалтып алмас үшін оны сөмкеме салуға бардым. Сол уақытта баланы көтерген әйелдің судан шығуға көмек сұрап жатқан дауысын естідім. Жанымда тұрған ер адам дереу баланы көтеріп алып шықты. Видеода көрсетілгендей, баланы судан бір әйел алып шықты. Мен оны баланың анасы деп ойлап қалдым. Бірақ оған судан шығуға көмектескенде оның құтқарушы екенін білдім,- дейді Назым Шәріпова.

 Полицей әйел баланың тыныс алмай тұрғанын байқап, дереу алғашқы медициналық көмек көрсеткен. 

Судан шыққан кезде баланың бет-әлпеті көк түсті болып кеткен. Ол кішкентай болғандықтан көмек көрсету қиын болды. Себебі оның кеудесі менің алақанымдай ғана еді. Сондықтан да жүрек-өкпе реанимациясын сақтықпен жасадым. Себебі қатты күшпен басқан кезде оның кеуде аймағына зақым келуі мүмкін. Біраз әрекет еткен соң, бала өздігімен демала бастады. Кейін бассейн қызметкерлері келіп баланы ауруханаға алып кетті,- дейді құтқарушы әйел. 

Назым Шәріпова аталған салада 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Алғашқы еңбек жолын патрульдік қызмет полкінде сержант болып бастаған. Бүгінде полиция басқармасының анықтау бөлімінің анықтаушысы, әрі полиция майоры. 

Мен Семей мемлекеттік университетінде инженер-энергетик мамандығын тәмамдадым. Бұл салада 2005-2008 жылдары жұмыс істедім. Ағаларым кезінде милицияда жұмыс істеген. Содан осы салаға қызығушылық пайда болды. Сырттай құқықтану саласы бойынша білім алып, полицияға жұмысқа орналастым. Жұмыста тұрақты түрде оқу-жаттығулар өтіп тұрады. Оның ішінде алғашқы медициналық көмек көрсету де бар. Кезінде спортпен айналыстым, тіпті дзюдо шебері болдым,- дейді ол.

WhatsApp Image 2023-08-08 at 14.00.17.jpeg

Полицей әйелдің айтуынша, оқыс оқиға кезінде дұрыс медициналық көмек көрсету өте маңызды. 

Мен өмірімде бірінші рет алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Егер қалай көмектесу жолын білген адам осындай оқиғаға тап болса, ол басқаларға қарағанда үрейін жеңіп, көмектесуге асығады. Бірақ дегенмен алғашқы медициналық көмек көрсетуді білген абзал. Балаға немесе ересек балаларға көмек әртүрлі көрсетіледі. Әлеуметтік желіге сол күнгі оқиға видеосы тарағаннан кейін, көпшілік баланың ата-анасын сынға алды. Бірақ мен ол сынмен келіспеймін.  Себебі, сол уақытта олар баланы бассейннің басқа аумағында іздеп жүрген. Оларға онсыз да бұл оқиға оңай тиген жоқ,- дейді ол.

Айта кетейік, бүгінгі күннің батыры Назым Шәріпова көпбалалы ана. Ол 2 қыз бен 2 ұл тәрбиелеп отыр.