Мемлекет басшысы Бақытжан Ертаевты қабылдады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу барысында Бақытжан Ертаевтың өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру мәселелері жөніндегі ой-пікірін тыңдады, деп хабарлады Elorda.info Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы жуырда Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Әділетті Қазақстанның негізін қалайтын Адал азамат туралы ойларын ортаға салғанын атап өтті. Бұдан бөлек, сын сағатта басын қатерге тігіп, жанқиярлықпен ерлік танытқан, Отанына адал қызмет еткен тұлғаларды жастарға үлгі ету және қарапайым еңбек адамын дәріптеу маңызды екеніне назар аударды.
Генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев өзі басшылық ететін «Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlary» қоғамдық бірлестігінің атқарып жатқан жұмыстары жөнінде баяндады. Сондай-ақ әскердегі тәрбие ісін нығайту жөнінде ұсыныстарын жеткізді.
Президент ұйымның бастамаларына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты. Сонымен қатар Бақытжан Ертаевтың тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерін құруға елеулі еңбек сіңіргенін атап өтіп, оның ел игілігі үшін атқарып жатқан қоғамдық жұмыстарына табыс тіледі.