«Мектепке жол»: Елордалық 8 500-ден астам бала қажетті мектеп құралдарымен қамтылады
Астана қаласының Коммуникациялар қызметі алаңында «Мектепке жол» республикалық акциясының басталуы талқыланды, деп хабарлады Elorda.info.
1 тамыз және 30 қыркүйек аралығында әлеуметтік осал топтардағы отбасылардың балаларына «Мектепке жол» республикалық акциясы шеңберінде демеушілік қаражат есебінен көмектер көрсетіледі. Онда білім алушыларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар беріледі. Биыл аталған акция шеңберінде 8 500-ден астам бала қамтылады деп жоспарланып отыр.
«Бұл акцияның мақсаты – көпбалалы отбасылар, әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен жанұялар, жалғызбасты аналар мен ата–анасының қамқорлығынсыз қалған отбасылардың балаларына материалдық көмек көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу.
Егер кез келген отбасы жоғарыда айтылған санаттардың біріне жататын болса, онда балалардың ата-аналары мектепке барып, растайтын құжаттарды ұсынуы керек.
Қазіргі уақытта барлық мектептердегі әлеуметтік педагогтер білім алушылардың ішінен көмекке мұқтаж отасылардың тізімін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр», - деді Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев.
Спикердің айтуынша, Астана қаласы Полиция департаментінің учаскелік инспекторларымен бірлескен рейдтер жүргізілуде. Соның ішінде, оқумен қамтылмаған немесе ересектерсіз түнгі уақытта үйден тыс қоғамдық жерлерде жүрген балаларды анықтау мақсатында да рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жатқанын қаперге салды.
Брифингте азаматтардың өтініштеріне ден қою үшін (55-69-60, 55-68-51) «Жедел желі», «Сенім» телефондар жұмыс істейтіні көп назарына ұсынылды.