Мәулен Әшімбаев OzgeEpic креатив хабының жұмысымен танысты
Мәулен Әшімбаев OzgeEpic креатив хабының жұмысымен танысты
Хаб қызметінің негізгі бағыты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өнер саласындағы таланттарды қолдау.
Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев қазіргідей технология заманында креативті индустрияның экономикалық мүмкіндігі мен келешегі зор екенін атап өтті. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда осы саланы дамыту бағытында ауқымды шаралар іске асырылып жатыр.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында креативті индустрияны және заманауи технологияны дамыту жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ірі қалалармен бірге аудандарда да шығармашыл жастарды қолдауға арналған орталықтар ашу қажет екенін айтты. Соның аясында осындай хабтардың маңызы зор. Бұл жерде біз креативті алаңдардың жай-күйімен, жұмысымен және алдағы жоспарларымен таныса аламыз. Өздеріңізге белгілі, таяуда креативті сектор үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылды. Осындай нақты шаралар елімізде бұл саланы дамытуға тың серпін береді деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат төрағасы креативті индустрияның жағдайы адами капиталдың сапасын көрсететін негізгі факторлардың бірі екенін айтты. Қазіргі таңда креативті сектордың ел экономикасындағы үлесі 1 пайыздан аспайды. Осы көрсеткішті жақсарту үшін алдағы уақытта аталған индустрияны дамыту жолында жан-жақты, оның ішінде, заңнамалық бағытта да бірлескен әрі жүйелі жұмыс қажет.
Бұл бағытты тиімді дамыту үшін салалық заңнаманы жетілдіру де аса маңызды. Осыған орай депутаттар тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Сондай-ақ қазір креативті индустрия білім беру үдерісінің де ажырамас бөлшегіне айналғанын көріп отырмыз, – деді Сенат төрағасы.
Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, кинорежиссерлар, продюсерлер, театр актерлері, суретшілер және басқа да өнер қайраткерлері қатысты.