Ұлттық ұланның Ән-би ансамблінің құрылғанына – 33 жыл


Мұнда тек құқықтық тәртіп сақшылары ғана емес, сонымен қатар өнер арқылы жауынгерлік рухты көтеріп жүрген кәсіби музыканттар, әртістер мен хореографтар да қызмет етеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық ұланның Ән-би ансамблі 1992 жылы құрылып, еліміздің мәдени өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Оның құрамында Ғайни Жұмашева, Жұлдыз Жәбелова, Бауыржан Тұрғымбаев, Ерасыл Бозаев, Бауыржан Мақаев сияқты Еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері және Халықаралық байқаулардың лауреаттары бар.
Ансамбль қазақстандық патриоттық композицияларды, заманауи аранжировка өңделген халық әндері мен күйлерін, жарқын хореографиялық этюдтерді, сондай-ақ әлемдік хиттардың каверларын орындайды. Репертуарда тек әскери және фольклорлық музыка ғана емес, сондай-ақ жастар стилі, әлем халықтарының билері де бар. Бұл туындылар әскер мен қоғам арасындағы мәдени байланысты нығайта отырып, көрермендердің назарын баурайды.
Айта кетейік, бүгін кешке шығармашылық ұжым қазақстандық әнші Батырхан Шүкеновті еске алу кешін өткізеді. Бұл күні әскери өнерпаздар елорда тұрғындары мен қонақтарына әншінің рухына құрмет көрсете отырып, терең эмоционалды, лирикаға толы музыкалық кеш сыйлайды.
Ұлттық ұланның Үлгілік-көрсетімді оркестрі — әскери-оркестрлік қызметке өмірін арнаған нағыз хас шеберлерді топтастырған елдің жетекші музыкалық ұжымы. Алғашқы жылдардан бастап оркестр Жоғарғы Бас Қолбасшының қатысуымен өтетін мемлекеттік рәсімдерді қоса алғанда, ауқымды іс-шараларға белсенді қатысады.
Ұлттық ұланның әскери музыканттары Қазақстанды халықаралық аренада абыроймен таныстыруда. Олар бірнеше рет «Амур толқындары», «Казань фанфары», «Астана самалы», «Бейбітшілік трубасы», «Виват, Санкт-Петербург!» және басқа да халықаралық үрмелі оркестрлер фестивальдерінде өнер көрсетті.
Ұжымның репертуары саптық шерулерден бастап классика мен эстрада шығармаларына дейін кең ауқымды қамтиды. Плац-концерттер мен дефиле сияқты қойылымдардың жарқын үлгісі — оркестрдің концерттерін ерекше шоуға айналдырады.
Ұжым тарихындағы айрықша оқиға реиінде— Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеруді айтуға болады. Үлгілік-көрсетімді оркестр парадта алғаш рет Ұлттық ұлан композиторларының «Шаттық», «Генерал Шәкір Жексенбаев», «Елдің қорғаны» және «Батыр» авторлық шығармаларын жоғары деңгейде орындап шықты.
Бүгінде Ұлттық ұланның қатарында 420-дан астам шығармашылық маман қызмет етеді. Олар – тек әскери әртістер ғана емес, сонымен қатар кәсіби шеберлікті, талант пен Отанға деген адалдықты қамтыған мәдени майданның батыл қорғаушылары.