Ұлттық банк картасын басқаға пайдалануға бергендер жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді

30 шілде, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Ұлттық банк картасын басқаға пайдалануға бергендер жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстан Ұлтық банкі азаматтарды банк картасымен қолдану арқылы жасалатын, «дропперлер» деп аталатын алаяқтық схемалардың көбеюі туралы мәлімдеп, жеке банк картасын басқа адамға пайдалануға берген адам жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертті,  деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Соңғы кездері жастар мен зейнеткерлер саналы түрде немесе білместіктен қылмыстық схема құрамында әрекет етіп жатыр, ақшалай сыйақы үшін өзінің банк карталарын үшінші тұлғаларға береді және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін банктік шоттар ашады, олар «дропперлер» деп аталады.

Алаяқтар жастар мен зейнеткерлерді заңсыз қаржылық операцияларға тарту үшін әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады. Оңай жолмен ақша табуды уәде етіп, алаяқтар банк шотын ашқызып, реквизитпен қоса картаның алдыңғы жағындағы 16 таңбалы нөмер, жарамдылық мерзімі, үш таңбалы CVV / CVC коды, сондай-ақ қолданбаға кіру деректерін беруін талап етеді. Деректерге қол жеткізгеннен кейін заңсыз қаржылық операциялар жасап, ақшаны алуды жүзеге асырады», - дейді банк өз хабарламасында.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес дропперлік схемаларға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке көзделген.

Қазақстан Ұлттық банкі азаматтарға банк картасын және оның реквизитін ешкімге таратпауды, оның ішінде мобильді банкингке кіруге арналған деректерді бермеуге шақырады. Қырағылық таныту және оңай табыс табу уәделеріне берілмеу, күмән туындаған кезде банк өкілдерімен кеңесу, ал банк картасы жоғалған жағдайда оны дереу бұғаттап, банкке хабарлауға кеңес береді.

Карта жоғалған жағдайда оны бұғаттауға немесе байланыс орталығына 1477 нөмері бойынша хабарласуы керек.

Сара Қамзаева