Әлихан Мақсұт атындағы физика кабинеті ашылды

11 маусым, 2025
Гүлден Мәдениет Гүлден Мәдениет
Әлихан Мақсұт атындағы физика кабинеті ашылды

Астана қаласы әкімдігінің №9 «Зерде» мамандандырылған лицейінде өмірден ерте өткен дарынды оқушы, физика мен робототехника саласынан халықаралық және республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, жас ақын  Әлихан Серікзатұлы Мақсұт атындағы физика кабинеті ашылды.

Кабинеттің ашылу салтанатына ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова, Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан Қайырбаева, №9 «Зерде» мамандандырылған лицейінің директоры Нұрбек Аманов, Әлиханның ата-анасы, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы, радиотехника, электроника  және телекоммуникация кафедрасының аға оқытушысы Айнұр Тасболат, Әлиханның физика пәнінен мұғалімі, ардагер ұстаз Валя Қайсенова, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағының иегері Гүлнәзия Байұлова, №18 «Аяжан» балабақшасының меңгерушісі Ләззат Дүйсенғазина, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті практикалық қазақ тілі кафедрасының аға оқытушысы Дулат Дүйсенғазин, мектеп мұғалімдері, Әлиханның сыныптас достары және лицейдің пән олимпиадалары мен ғылыми жобаларда жеңімпаз болған дарынды оқушылары қатысты.

Жиында сөз алған бірінші вице-министр Майра Тұрғанбайқызы Әлихан Мақсұт сияқты талантты оқушылардың ғылым мен білімге ұмтылысы, еңбекқорлығы және Қазақстанды технологиясы дамыған мықты елге айналдырсам деген отаншылдық арманы әрбір оқушыға үлгі болуы тиіс екендігін атап өтті. Жиында Әлихан Мақсұт атындағы олимпиадаға дайындық бұрышы таныстырылып, Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының демеушілігімен жарық көрген «Әлиханның арманы» кітабының тұсаукесері жасалды. Сонымен қатар, келген қонақтарға белгілі режиссер Мұрат Есжан түсірген «Әлиханның арманы» деректі фильмі көрсетіліп, лицейде ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың бастамасымен ашылған «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағының иегері Гүлнәзия Байұлова атындағы география кабинеті таныстырылды.