00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Әлеуметтік эксперимент: Астаналықтардың тазалыққа қалай қарайтыны тексерілді

Әлеуметтік эксперимент: Астаналықтардың тазалыққа қалай қарайтыны тексерілді
фото: Elorda.info

Бүгін елорда тұрғындарының экологиялық мәдениеті мен қоршаған ортаның тазалығына қаншалықты мән беретінін анықтауға арналған әлеуметтік эксперимент жүргізілді, деп хабарлады Elorda.info.

Ұйымдастырушылар Есіл өзенінің жағалауына, адамдар көп жүретін жерлерге бос бөтелкелер, қағаздар мен басқа да қоқыстарды әдейі шашып тастаған. Түсірілім тобы серуендеп жүрген адамдардың жерде жатқан қоқыстарды көтеріп, арнайы жәшіктерге сала ма екенін бақылады.   

«Жасырын камера: халықтың экологиялық мәдениетін арттыру» әлеуметтік ролигінің түсірілімі барысында елордалықтардың қоршаған орта тазалығына бей-жай қарамайтыны анықталды. Өтіп бара жатқандардың барлығы шашылып жатқан қоқысты көтеріп, жәшікке салды.  

«Біз Астана тұрғындарының тазалық сақтайтынын көрдік. Бір сағаттай уақыт бақылағанда осыған көзіміз жетті. Әрі ересектер де, балалар да жерде жатқан пластик, қағаздардан аттап өтпей, қоқысқа салып жатқаны бізді қуантты. Айналамыздың тазалығына бәріміз жауаптымыз. Тек коммуналдық сала қызметкерлері ғана емес, әрбір тұрғыны қаламыздың көркем, таза болуына үлес қосуы керек деп санаймыз», - деді ұйымдастырушылар.

Естеріңізге саламыз, қазір елімізде «Таза Қазақстан. Астана - тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы өтіп жатыр. Бес аптаға жалғасатын акция аясында түрлі іс-шаралар жоспарланған. Бұған дейін мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, қоғам белсенділері, елордадағы түрлі ұйымдар мен кəсіпорындардың қызметкерлері, жастар мен белсенді тұрғындар қоғамдық орындарды, тарихи-мəдени ескерткіштер аумағы мен көшелерді қоқыстан тазалап, көшеттер мен ағаштар еккен болатын.