«Құқықтық тәртіп»: Елордалық полицейлер іздеуде жүрген 9 қылмыскерді ұстады
Елордада қоғамдық тәртіпті сақтау, көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтың алдын алу және жолын кесу мақсатында 1-10 маусым аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Шара барысында өздерінің әкімшілік учаскелеріндегі учаскелік инспекторлар визиткаларын беріп, үйлерді аралау жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ олар пәтерлерді, үй-жайларды, үйлерді, казармалық-жалдамалы тұрғын үйлерді, жатақханалар мен басқа да объектілерді тексеруде, деп хабарлады Elorda.info.
Іс-шара басталғалы 63 қылмыс, бұрын жасалған 64 қылмыс кезекшілік барысында ашылып, іздеуде жүрген 9 қылмыскер ұсталды. Қабылдау бөліміне 79 азамат, қаланың уақытша бейімдеу және интоксикация орталығына 246 азамат орналастырылды.
«Сонымен қатар, ҚР ІІО есепте тұрған 1600-ден астам тұлға тексеріліп, есепте тұрғандардың белгіленген шектеуді бұзуының 21 фактісі анықталды. Сондай-ақ 3000-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 39 ұсақ бұзақылық, 261 факті алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйде көріну. Тіркеусіз тұратын 580 азамат белгілі болды. Бұған қоса отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңсыз әрекеттері үшін 81 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. 105 кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде және үйден тыс жерде болғаны анықталды. 17 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарса, 473 жаяу жүргінші жол ережесін бұзған», - делінген Астана қаласы Полиция департаменті таратқан хабарламада.