Әкім әріптестерімен бірге Алматы ауданын велосипедпен аралады
Алматы ауданының әкімі Мақсат Саматұлы әріптестерімен бірге ауданды велосипедпен аралады, деп хабарлады Elorda.info.
Бұл туралы әкімдіктің Instagram-парақшасы жариялады.
Жұмыс аптасының 1-күні А. Байтұрсынов, Ж. Нәжімеденов көшелері бойын аралады. Вело-сапарға Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық, Жол және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармалары мен экологиялық полиция өкілдері қатысты.
Келесі күні Ақбұлақ және Есіл өзендерінің бойында, Триатлон және Президент саябақтарында өткен вело-сапарда Астана қаласы әкімдігінің Урбанистика орталығының және мердігерлік ұйым мамандары да болды.
Жұмыс сапары барысында қарастырылған ең басты сұрақтар: бұзылған абаттандыру, ашық құдықтар және жалпы санитарлық жағдай бойынша болды. Барлық кемшілік пен ескертулер бақылауға алынып, мамандарға тиісті тапсырмалар берілді.