Кибералаяқтардан қалай қорғанамыз: заңгер кеңесі

Кибералаяқтардан қалай қорғанамыз: заңгер кеңесі
Фото: Оңалхан Өнерхан

Цифрлық технологияның дамуы адам өмірін едәуір жеңілдеткенімен қатар алаяқтардың жаңа түрін-киберқылмыс сияқты қауіп-қатердің жаңа түрін алып келді. Қазір желіде жасалатын алаяқтық әрекеттер жыл сайын артып келеді. Бірі жалған интернет-дүкендер арқылы тұтынушыны алдаса, енді бірі жеке деректерді заңсыз жолмен иеленіп, азаматтарды сан соқтырып жатыр. Осы ретте алаяқтардың арбауына түсіп қалған азаматтар не істеуі керек? Бұл сұрақты заңгер Бексұлтан Нұрылқановқа қойып көрдік.

Интернет алаяқтық құрбаны болдыңыз ба? Не істеу керек?

«Жақын маңдағы полиция бөлімшесіне барып немесе eGov.kz порталындағы “е-өтініш” арқылы арыз түсіруге болады. Сонымен қатар 102 нөміріне хабарласу-ең жылдам шешімдердің бірі»,-дейді заңгер Бексұлтан Нұрылқанов.

Құқық қалай қорғалады?

Зардап шеккен адамның құқығын қорғау үшін ҚР Қылмыстық кодексіне сай қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталады. Мүліктік шығын келген болса, азаматтық талап қою арқылы өндіріп алу мүмкіндігі қарастырылады.

Алаяқтарды табу неге қиын?

Көп жағдайда интернет алаяқтар анонимді әрекет етеді. Тергеу барысында арнайы органдар IP-адрестерді, банк транзакцияларын және басқа да цифрлық іздерді тексеру арқылы жұмыс жүргізеді. Бұл уақытты, техникалық құралдарды қажет ететін күрделі процесс.

Қорғанудың қарапайым, бірақ маңызды жолдары:

Заңгер Бексұлтан Нұрылқанов онлайн кеңістікте қауіпсіздікті сақтау үшін келесі кеңестерді ұсынады:

  • Бейтаныс сілтемелерге өтпеңіз
  • SMS-кодтар мен банк картасының мәліметтерін ешкімге бермеңіз
  • Тек ресми сайттар арқылы төлем жасаңыз
  • Қосфакторлы аутентификацияны (2FA) қосыңыз

Киберқылмысқа қарсы кімдер күреседі?

Қазақстанда интернет алаяқтықпен Ішкі істер министрлігінің Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы бөлімшелері айналысады.

Балаларды қорғау – ата-ананың міндеті

Интернет алаяқтардың торына көбіне кәмелетке толмағандар түседі. Сондықтан ата-аналар: арнайы бақылау бағдарламаларын орнатып, баланың интернетте не істеп жүргенін бақылап, қауіпсіздік ережелерін үйретуі тиіс.

Заң бойынша ата-аналар баласының қауіпсіздігіне жауапты. Балалардың құқығын бұзу Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексі мен Қылмыстық кодекс арқылы жазаланады.

Интернет – мүмкіндіктер алаңы ғана емес, қауіптердің де мекені. Ақпараттық сауаттылық, цифрлық мәдениет және құқықтық білім – интернет алаяқтардан қорғанудың басты құралдары. Қарапайым кеңестерді ескеріп, құқық қорғау органдарына дер кезінде жүгінсеңіз, өз мүлікіңіз бен тыныштығыңызды сақтап қалуға болады.

Қабылбекова Аяна