00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлері қала тазалығына атсалысты

17 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлері қала тазалығына атсалысты
Фото-коллаж: Elordainfo.kz

Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Экологиялық акцияға бүгін «ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлері де қатысып, қала тазалығына өз үлестерін қосты, деп хабарлады Elorda.info.

«Нұра» ауданы әкімдігі аппараты ішкі саясат бөлімінің басшысы Бектемір Жолдасқажиев елорданың экологиялық жағдайын жақсарту мен санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу бағытында іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілетінін айтты. Қаладағы түрлі ұйымдар мен мекемелер, кәсіпкерлік нысандары және жеке тұлғалар тазалық шараларына қатысты аудандық әкімдікке түрлі ұсыныс айтып, жиі бастама көтереді. Бұл жолы «ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлері сенбілік өткізу жөнінде ұсыныс білдірген. 

«Таза Қазақстан» эконауқаны аясында апта сайын экологиялық іс-шаралар өтуде. Қаланы таза ұстауға астаналықтар белсенді қатысып жатыр. Бұл ретте өз ауласын, өз мекемесінің аумағын жинап жүрген ұйымдардың қарасы қалың екенін атап өткім келеді. Қаланың шеткері аймақтары мен саябақ, гүлзарларды күтіп ұстау үшін де сенбіліктер жиі өткізіліп тұрады. Мысалы, бүгін «ҚазТрансОйл» АҚ ұйымының жұмысшылары Астананың жасыл белдеуінде тазарту жұмыстарын өткізді.  Мұндай эконауқандар жай ғана тәртіп орнату іс-шарасы емес, сонымен қатар қаламыздың тазалығы мен абаттандырылуына үлес қосу деп білеміз. Әрқайсымыз өз айналамызға, сүйікті қаламызға пайдалы іс жасай алатынымызды есте ұстаған жөн»,- деді Бектемір Жолдасқажиев.

Бүгінгі сенбілікке «ҚазТрансОйл» АҚ 200-ге жуық қызметкері қатысты. Олар Қорғалжын тасжолы бойындағы Исатай батыр аялдамасынан басталған аумақты пластик бұйымдар, шыны, қағаз, ағаш жапырақтары мен бұталар және басқа да қалдықтар мен қоқыстар тазартты.

«Сенбілік «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына атсалысу мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шараға біздің орталық аппарат, Бас диспетчерлік басқарма мен Зерттеулер және әзірлемерлер орталығы қызметкерлері келді. Бүгінгі сенбілікте біздің ұжым 3 тонна шамасында қоқыс жинап, оларды тиісті орынға шығарды», - деді бизнесті қолдау басқармасының бас маманы Қайрат Омаров.

Сенбілікке қатысушылардың бірі Асхат Рамазанов қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау әрбір азаматтың басты міндеті деген ойын айтты.

«Астана - өте көркем, әдемі қала. Оның ажарын аша түсу, көшелер, саябақтар мен басқа да қоғамдық орындарды қалыпты жағдайда ұстап тұру тек коммуналдық сала қызметкерлерінің жұмысы емес, барлығымыздың міндетіміз. Сенбілікке жұмыла кіріссек, оған көп уақыт пен күш-жігер жұмсалмайды. Қайта ұжыммен бірге уақытты тиімді және пайдалы өткізуге болады деп санаймын», - деді «ҚазТрансОйл» АҚ жұртшылықпен байланыс және ішкі коммуникациялар басқармасының маманы Асхат Рамазанов.