Күзгі әскерге шақыру: елордалықтардың алғашқы легі шекараға қызмет етуге аттанды

Бүгін, 18:28
Айман Нығмет Айман Нығмет
views66
Күзгі әскерге шақыру: елордалықтардың алғашқы легі шекараға қызмет етуге аттанды
фото: Василий Крась

Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны жалғасып жатыр. Бүгін елордада 2025 жылғы күзгі шақырылымның алғашқы легін Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің сапына салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұл әскери-патриоттық шара жас ұрпақты Отан сүйгіштік рухта тәрбиелеу, сондай-ақ әскери қызметтің қоғамдағы беделін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Жас сарбаздарды әскер қатарына шығарып салу салтанатына Қарулы күштердің басшылығы, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері және болашақ жауынгерлердің ата-аналары қатысты.

Биыл елорда бойынша күзгі шақыру науқаны аясында 1200-ден астам жас әскер қатарына аттанбақ. Оның ішінде 150-ден астам азамат ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне жіберіледі.

Астананың Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі, Астана қаласының Әскерге шақыру комиссиясының мүшесі  Ғани Артықовтың айтуынша, шекара қызметіне жіберілетін жастардың дайындықтарына ерекше көңіл бөлінеді. 

«Шекара қызметінде әскери борышын өтеуге ниетті жастардың ең алдымен денсаулық жағдайы жақсы болуы тиіс. Сонымен қатар әскери қызметке шақырылатын үміткерлер жан-жақты дайындықтан өткен, отбасы мен жақын туыстарының арасында сотталған немесе құқықбұзушылыққа қатысы бар адамдар болмауы қажет. Бұдан бөлек, үміткерлердің моральдық, психологиялық және саяси тұрақтылығына ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, олар міндетті түрде медициналық тексеруден, моральдық-психологиялық жай-күйін анықтау үшін түрлі психологиялық тестілеуден, ал сенімділігін тексеру мақсатында полиграфиялық тексерістен де өтеді. Мұндай күрделі әрі жан-жақты іріктеуден өтетін жастардың саны көп болмаса да, Шекара қызметіне жан-жақты дайын лайықты азаматтар барады», - дейді Ғани Артықов.


Биылғы әскерге шақыру рәсімі барынша ашық әрі азаматтар үшін ыңғайлы форматта ұйымдастырылған. Шақырылушыларға жеке шақыртулармен қатар, 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы SMS-хабарламалар жолдануда. Сонымен қатар Қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің электронды поштасы мен әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы да қажетті ақпаратты жедел әрі ашық түрде алуға мүмкіндік жасалған.