00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Интернет алаяқтардың арбауына қалай түспеуге болады?

Интернет алаяқтардың арбауына қалай түспеуге болады?
коллаж Elorda.info

Соңғы кезде ақпараттық технологиялардың дамуымен бірге интернет алаяқтық та көбейді. Соның ішінде елордада киберқылмыстың саны артқан. Ал қылмыстың жаңа түрімен күрес қалай жүргізіліп жатыр? Интернет алаяқтарының арбауына қалай түспеуге болады? Elorda.info тілшісі осы жөнінде Астана қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасы киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің басшысы Олжас Майткановтан сұрап білді. 

 

 -Олжас Қуанышұлы, соңғы кезде қоғамда киберқылмыстың көбейіп кеткені белгілі. Бұл тұрғыда Астана қаласы бойынша ахуал қандай?

Бүгінде ұрлық, тонау және қарақшылық сияқты қылмыстар бірлескен күш-жігердің арқасында азайды. Алайда ақпараттық технологиялар арқылы жасалатын құқық бұзушылықтарға келетін болсақ, бұл қылмыс түрі жыл сайын өсіп барады.

Осы жылы Астана аумағында ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалған 3 700-ден астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде ашылғаны - 690. Ал азаматтарға келтірілген залал 2 млрд 600 млн теңгеден асады.

Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, алаяқтардың қолынан зардап шеккендердің бәрі бірдей құқық қорғау органдарына жүгінбейді. Тиісінше, нақты көрсеткіш  жоғарыдағыдан едәуір көп деп ойлаймын. Нақты статистика қандай екенін тек болжауға болады.

-Алаяқтардың құрығына көбіне кімдер түседі? 

Зиянкестер адам талғамайды. Бірақ осал болуы мүмкін адамдарға үйір болатыны белгілі. Себебі оларды алдап-арбап, оңай сендіруге болады. 

Мәселен, егде жастағы адамдар. Олар көбінесе жаңа технологиялармен таныс емес және сенгіш келеді. Сондай-ақ жеңіл ақша іздейтін адамдар да құрбан болып жатады. Өйткені, тәжірибе көрсеткендей, көптеген осындай азаматтар күмәнді жобаларға жиып-терген қаражаттарын тез көбейтіп аламыз деп  салып, артынан санын соғып қалып жатады. 

-Елордада мұндай келеңсіздіктердің жолын кесу үшін қандай іс-шаралар істеліп жатыр?

Астана қаласы Полиция департаменті елорда әкімдігімен бірлесіп, тұрақты негізде интернет-алаяқтықты азайтуға және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шараларды жүргізуде.

Орта және жоғары білім беру мекемелерінде, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда «Алаяқтардың айла-амалдарына қалай түспеуге және өз жинақтарын қалай сақтап қалуға болады?» тақырыбында дәрістер өткізіледі.

Азаматтар көп жиналатын орындарда еріктілермен бірлесіп ақпараттық-профилактикалық сипаттағы буклеттер таратылады. Сонымен қатар көшелерде трафареттерді пайдалана отырып, ескерту жазбалары жазылады. СОО-да және қала базарларында интернет алаяқтықтан сақтану туралы аудио және бейнероликтер көрсетіледі.

-Олжас Қуанышұлы, осы орайда, алаяқтардың негізгі схемаларын атап өтсеңіз? Тұрғындар сақтық шаралары үшін нені көбірек ескергендері жөн?

Алдымен, банктердің қауіпсіздік қызметі немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің атынан жасалатын қоңырауларға мұқият болу керек. Әңгімелесу барысында зиянкестер банктік шоттарды пайдалана отырып, қоңырау шалған адамға несие рәсімделгені туралы хабарлауы мүмкін. Бұл жағдайда әңгімені үзіп, бұл туралы полицияға хабарлау қажет. Қандай да бір күмәнді қосымшаларды орнатудан сақтану керек, әсіресе құрылғыларды қашықтан басқаруға арналған қосымшылардан аулақ болған жөн (AnyDesk, RustDesk, TeamViewer және т. б.)

 

Екіншіден, әлеуметтік желілер мен интернет-платформаларда тауарлар мен қызметтерді сату. Әдетте, бұл автомобильдер, тұрмыстық техника, жиһаз, киімдер, аксессуарлар, тұтыну тауарлары, тамақ өнімдері және т.б. Зиянкестердің мақсаты - пайда табу. Олар кез келген жолмен ақша қаражатын алдын ала төлем ретінде аударуды сұрайды. Егер сіз өнімді өз көзіңізбен көрмесеңіз, мұндай сатып алулардан бас тартқан дұрыс. 

-Соңғы кезде алаяқтардың дербес деректерге оңай қол жеткізе алатынын көріп жүрміз. Бұл қалай жүзеге асады? 

Жоғарыдан айтқан түрлі алаяқтық әдістерден бөлек фишингтік сайттарды пайдалану деген бар. Алаяқтықтың бұл түрі дербес деректер мен банктік мәліметтерді жинауға бағытталған. Мұндай сайттардың нақты сайттардан айырмашылығы аз болады.

Мысалы, сіз сайттардың бірінде хабарландыру жарияладыңыз және сізге бұрын таныс емес адам хабарласып, жеткізу қызметін пайдалануды сұрайды. Содан кейін ол рәсімдеу үшін сілтемені жібереді. Сілтемені басу арқылы сіздің деректеріңізді, яғни аты-жөніңізді, туған жылыңызды, банк картасының нөмірін, жарамдылық мерзімін және CVV кодын енгізу сұралады. Осы деректер толтырылғаннан кейін сіздің банк картаңыздан ақша қаражатын аударып алу басталады.

- Құрбандар арасынан криптовалюта нарығы арқылы алданып қалғандар жайлы да естіп қаламыз.

 

Сондай-ақ жаңа мүмкіндіктер мен технологиялардың келуімен криптовалюта қозғалысы белсенді дамып келеді. Мұны түсінетін көптеген адамдар жақсы табысқа ие. Бірақ бұл бағытта сауатсыздықты пайдаланып, алаяқтық жолмен ақша табатын жаман ниеттілер де бар.

Мысалы, әлеуметтік желілерде сіз акцияларды немесе криптовалюталарды сатып алу және сату арқылы ақша табу ұсынатын жарнаманы көрдіңіз және өз деректеріңізді қалдырдыңыз. Сізбен, Ұлттық компанияның немесе брокерлерге қызмет көрсететін басқа ұйымның қызметкері ретінде алаяқтар хабарласады. Олар тиімді ұсыныстар туралы айтып, ақша салуға көндіреді, басында аз мөлшерде ақша салуды айтады. Бірнеше күннен кейін олар тапқан пайдасымен салынған ақшаны қайтарады. Осыдан кейін олар елеулі сомадағы ақшаны салуды сұрайды. Осылайша сенімге кірген соң, қомақты қаржыны қайтармай, алдап кетеді. 

 

Сонымен қатар, алаяқтар телефон шалып, диалог барысында әңгімелесушілерге олардың туыстары оқиғаға тап болғаны жайлы айтуы мүмкін. Осыған байланысты, қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін ақша қажет екенін және олардың қызметкері келіп ақшаны алып кететінін хабарлайды. Өз кезегінде олар әртүрлі интернет-платформаларда жеке еңбек қызметін жүзеге асыратын «дроперлерді» немесе курьерлерді жібереді. Ал олар берілген маршрут бойынша барып, құрбандардан ақшаны алып, зиянкестердің банктік шоттарына аударады.

-Ал бұл «дроперлер» кімдер? Олар қылмыстық жауапкершілікке тартыла ма?

Көбінесе «дроперлер» - жас азаматтар, студенттер, жұмыссыздар және оңай табыс іздейтіндер.

Біз осы белгісіз тұлғалардың банк карталарын пайдалана отырып, ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыруға байланысты қызметке қатысатын адамдардың қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтқымыз келеді. Мысалы, жақында белгісіз тұлғалардың банктік карталарын қолдана отырып, қылмыстық жолмен алынған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырғаны үшін Ресей Федерациясының азаматы қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 6 жыл мерзімге сотталды, сонымен қатар қазіргі таңда осындай әрекеттермен айналысқан 79 дропперге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

-Сұхбатыңызға көп рахмет!