IKOMEK орталығына жол сапасына қатысты қанша арыз-шағым түскен
Жыл басынан бері IKOMEK байланыс орталығына елордадағы жол сапасына қатысты 8 492 арыз-шағым түскен, деп хабарлады Elorda.info.
2023 жылдың басынан бастап жол инфрақұрылымына қатысты 8 492 өтініш келіп түскен. Оның 64%-ы, яғни 5 461 өтініш құзыретті мекемелер тарапынан қарастырылды.
Жол сапасына қатысты 2 551 өтініштің дені жолдардың тозуы, терең шұңқырлардың пайда болуы, сондай-ақ асфальт төселмеген жолдарға қатысты, - деп жауап берді IKOMEK байланыс орталығы Elorda.info тілшісі жолдаған сауалға.
Оқи отырыңыз: Астана жолдарының сапасы неге сын көтермейді
Байланыс орталығының хабарлауынша, орталық, орамішілік, қала маңындағы тұрғын үй алаптарының жолдарына қатысты да арыз-шағымдар аз емес.
Мысалы, Есіл ауданының Тұран, Қабанбай батыр, Ұлы дала даңғылдары, Бұқар жырау, Әбікен Бектұров, Әлихан Бөкейхан, Сығанақ, Қайым Мұхамедханов, Шыңғыс Айтматов, Әнет баба көшелері бойынша;
Сарыарқа ауданының Кенжебек Күмісбеков, Ықылас Дүкенұлы, Сәкен Сейфуллин, Бөгенбай батыр, Республика даңғылдары бойынша;
Алматы ауданының Шәкәрім Құдайбердіұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Тәуелсіздік, Абылай хан даңғылдары, Ахмет Байтұрсынұлы, Қайрат Рысқұлбеков көшелері бойынша;
Байқоңыр ауданының Әл-Фараби, Абай даңғылы, Жаңажол, Шоқан Уәлиханов, Александр Пушкин, Жәнібек Тархан, Кенесары, Малахов, Ахмет Жұбанов көшелері бойынша.