Funny sport: Су тапаншасымен атысудан ойын өтті
Астана қаласының орталық саябағында «Су әлемі» атты шара ұйымдастырылды, деп хабарлады Elorda.info.
«Өткен аптада Астана қаласында «Funny sport» жобасын бастадық. Басты мақсатымыз — тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Адамдардың барлығы спортпен айналысудың қажеттілігін сезінеді. Алайда ерік-жігер, тәртіп жетісе бермейді. Бүгінгі шарада спорттың қолжетімді, оңай, қызықты екенін көрсеткіміз келді. Су шашу ойыны арқылы әр қатысушы қозғалыста болып, қалай уақыт өткенін де сезбей қалады. Оның үстіне шарамызға ролик тебуден жастар арасында әлеуметтік желіде өте танымал Диас Абдрахмановты да арнайы шақырдық. Оның келуі де тұрғындарға қосымша мотивация сыйлады», —деді шара ұйымдастырушысы Жәмила Федосова.
15:00 мен 17:00 аралығында өткен шараға жалпы 500-ден астам қатысушы жиналып, 150-200-дей су тапаншасы тегін таратылды.
«Осындай ерекше оқиғалар арқылы қаламыздың саябақ, орталықтарымен таныстығымды арттырып жатырмын. Жазда ыстық болғанымен, су тапаншасымен атысу арқылы бейне бір суға түскендей әсер алдым. Керемет эмоция! Ешкім түкпірде қалмайды. Қаншама жаңа таныстықтар. Сөз жоқ, ұнады» — деп, 12 жастағы Дастан Ілиясов атты оқушы өз ойымен бөлісті.
Бұл жоба тамыз айының соңына дейін әр аптаның сенбі және жексенбі күндері өтеді. Ертең түскі 14:00-де Триатлон саябағында би түрлері бойынша жалпы жүлде қоры 200 мың теңгені құрайтын сайыс ұйымдастырылады.