Есіл ауданы тұрғындары әлеуметтік нысандар көбірек қамтылуын сұрады
2035 жылға дейін жоспарланған елорданың бас жоспарының жобасын талқылау Астана қаласының Есіл ауданында да өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Талқылауға Есіл ауданы әкімі Асылбек Есенбаев, «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтының басшысы Руслан Жакупов, оның орынбасары Серік Әбдірахманов, Астана қаласы Сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Аян Смағұлов және аудан тұрғындары қатысты.
Биылғы маусым айы көрсеткіші бойынша Астана тұрғындары саны 1 млн 376 мыңды құраса, бас жоспар бойынша елордалықтардың саны 2035 жылға қарай 2 млн 275 мыңға жетуі мүмкін. Жаңа бас жоспардың жобасын жасауға ең басты себеп болған жағдай осы. Өйткені тұрғындар санының көбеюі өндіріс қуатының артуына, тұрғын үй алабы мен жасыл аймақтардың көбеюін, бір сөзбен, қаланың дамуына қажетті жағдайлардың жасалынуын талап етеді, - деді «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институты басшысының орынбасары Серік Әбдірахманов
Ары қарай ол көпшілікті қаланың бас жоспары жобасымен таныстырып өтті. Тұрғындар әлеуметтік нысандар жетіспеушілігі мәселесін көтерді.
Сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары басқармасы жанындағы үйлестіру кеңесінің шешімі бойынша Ұлы дала көшесі мен 38 көшесінің қиылысында балабақша салынатыны бекітілген болатын. Біз, қала тұрғындары, жаңа бас жоспарда осы балабақша құрылысын нықтап, аталған әлеуметтік нысанды мүмкіндігінше ертерек, 2025 жылға қарай пайдалануға берсе деген ұсынысымызды айтқымыз келеді. Өйткені біздің ауданда тұрғындар тығыз шоғырланған, бала саны да көп, - деді қала тұрғыны Жанаргүл Бекқожина.
«Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтының басшысы Руслан Жакупов, ең бастысы, балабақша мәселесі бас жоспарда белгіленгенін айтты. Ал әрі қарайғы жұмыс бюджеттен қаржы бөлініп, жері белгіленген соң шешілетінін қаперге салды.
Тұрғындар, сондай-ақ, қоғамдық кеңістіктер мен балалар ойын алаңын көбейту, жасыл аймақтарды сақтау және тұрғындар қауіпсіздігі үшін полиция бөлімшелерінің санын көбейту жөніндегі ұсыныстарын айтты.