00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Ерік Жолжақсынов: Әртістердің батылдығы мен шеберлігі циркке деген қызығушылық пен құрметті арттырады

Ерік Жолжақсынов: Әртістердің батылдығы мен шеберлігі циркке деген қызығушылық пен құрметті арттырады
Фото: Астаналық цирк

Цирк – сахналық өнердің көнеден келе жатқан түрі. Аң мен құстың тілін білетін ерекше жандар мен әзіл айтса айналасындағыларды қыран-топан күлкіге қарық қылатын әзілкештер, ат құлағында ойнайтын ептілер мен темірден түйін түйетін алып күш иелері бағзы заманнан үлкен-кішінің назарын аулаған. Өміршең өнер әлі де өз көрерменін жоғалтқан жоқ. Елордадағы «Астаналық цирк» – соның бір дәлелі, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Астаналық цирк» 2005 жылдың желтоқсан айының 15-і күні қалың көрерменге өз есігін айқара ашты. Ал осынау өнер ордасының бой көтеруіне цирктің ең алғашқы директоры, Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс Б.Жұмағұлов себепкер болған. Ол «елордадан цирк ашып, оған өнерлі жастарды тартсақ» деген ниетін білдіріп билік органдарына хат жазады. Оның бұл ұсынысы қабыл алынып, цирктің құрылысы 2003 жылы қолға алынған. 
Елордадағы ерекше ғимараттың сәулетін итальяндық дизайнер жобалаған. Сәулетінің ерекшелігі сол - ғимарат ұшатын тәрелке пішінінде жасалған. Цирктің дөңгелек сахнасы 13 метр болса, нысанның сыртын да соған сәйкес дөңгелетіп әкеліп, оны ұшатын тәрелкеге айналдырып әкеткен. 

«2025 жылы желтоқсан айында «Астаналық циркке» 20 жыл толады. Осы жылдар аралығында циркіміз көптеген көрерменнің көзайымы болды. 2000 көрерменге шақталған өнер ордасында ай сайын әр аптаның сенбі-жексенбі күндері цирк қойылады. Өйткені аптаның басқа күндері балалар мен жасөспірімдер балабақшалар мен мектептерде болса, олардың ата-аналары жұмыста болатыны белгілі. Ал бір қойылым 8 немесе 10 рет көрсетіледі», - дейді «Астаналық цирк» МКҚК-ның Бас директоры Ерік Жолжақсынов.

Сахнада цирктің өз әртістерінен бөлек, ТМД елдерінен, шетелдерден көптеген өнер ұжымдары келіп, қызықты бағдарламаларын ұсынады. Олар гастрольдік сапарларында әртүрлі жанрларда өнерлерін көрсетіп, көрерменін тәнті етеді.

 «Репертуарымыз ай сайын жаңарып тұрады. Қойылымдарды елордалық цирктің өз таланттары немесе жыл басынан бастап жоспарға қойылған бағдарламалар шеңберінде келетін алыс-жақын шетелдің әртістері қояды. Себебі біз Италия, Ресей сияқты көптеген елдермен меморандум негізінде бірлесіп жұмыс жасап отырмыз. Сол бойынша жаңа бағдарламалар құрамыз», - дейді Е.Жолжақсынов. 

Жалпы, елордалық циркте 300-дің шамасында қызметкер еңбек етеді екен. Соның ішінде әртістер саны 100-ге таяу. Олардың қатарында Монте-Карло, Франция, Германия сияқты елдерден жүлделі орындарды иеленіп келген танымал өнерпаздар да бар. Халықаралық фестивальдерге қатысқан әртістердің қатары да көп екені айтылды. Олар әуе гимнастикасы, акробатика, жонгляж, клоунада жанрларында өнер көрсетеді. 

Цирк басшылығының айтуынша, қазіргі таңда мұнда құс, жылқы, понилер бар. Дегенмен жыртқыш аңдар жоқ. Аң-құстың тілін білетін жаттықтырушылар олардың ұзақ өмір сүруі үшін барын салып, баптап-күтеді. 

Елордалық цирктің мақтан тұтарлық екі дуэті бар. Олар: ҚР мәдениет қайраткері, халықаралық фестивальдердің лауреаты Әзілбек Болатов пен Халықаралық фестивальдердің лауреаты Дәулет Шуйнишев және әлемді шарлап, айтулы өнер додаларының жүлдегерлері болған Виктор мен Антон Франкенің дуэті. Олар -  әрқайсысының өздеріне тән стильдері бар клоундар. 

«Циркке экскурсия жиі жасалады. «Келемін, көремін» деген мектептер болсын, өзге де ұжымдар болсын, хат жазып, хабарласып жатады. Біз бұл сұраныстардың әрқайсысына бей-жай қарамай, «балалардың өнерге деген сүйіспеншілігі, жануарларға қамқорлығы артсын» деген ниетпен келушілерді қарсы аламыз. Кішкентай көрермендерімізге кішігірім шеберлік сағаттары өткізіледі. Тігін цехы, костюмдер қоймасы көрсетіледі. Нәтижесінде балалар циркімізде көңілді уақыт өткізіп, таным көкжиегін арттырады», - дейді елордалық цирктің Бас директоры.

Циркте сахнасындағы қойылымдар көрерменге жеп-жеңіл, әп-әдемі көрінгенмен, әртістер әр нөмірде өз өмірін тәуекелге салады. Өйткені тым биікте орындалатын өмірге қауіпті жанрлар да бар. Бірақ олар ауыр әрекеттердің қиындығын сырт көзге көрсетпей, сахна бигінде әсем де ширақ қимылдайды. 

«Көрерменнің циркке деген қызығушылығы мен құрметін арттыратын әртістердің осы батылдығы мен шеберлігі ғой», - дейді  Ерік Жолжақсынов.