00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Ерболат Қоянбаев: АЭС салу – электр энергиясы тапшылығының алдын алады

20 тамыз, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
Ерболат Қоянбаев: АЭС салу – электр энергиясы  тапшылығының алдын алады
Фото: Ерболат Қоянбаев

Елімізде электр энергиясының тапшылығы айтарлықтай сезіліп отыр. Сондықтан көміртегі нейтралдығына жету – кезек күттірмейтін мәселе. Оның үстіне, қазір электр энергиясымен қамтып отырған Кеңес дәуірінде салынған жылу электр станцияларының 70 пайызының ескіруі де АЭС салуға алғышарт болып отыр. ҚР Ұлттық ядролық орталығының Атом энергиясы институты директорының орынбасары Ерболат Қоянбаев Elordainfo.kz-ке осындай пікірін айтты.

Сарапшы АЭС-тің, ядролық энергиядан электр энергиясын алуға арналған арнайы қондырғы екенін айта келе, аталған станцияны салу уақыт талабына айналып отырғанын жеткізді.

«Жалпы, АЭС салу қажеттілігі электр энергиясының тапшылығымен байланысты туындап отыр. Сондықтан базалық электр станциясы ретінде АЭС-ті қарастырып отырмыз. АЭС – қазіргі замануи электр станциясы. Бұл тарихта болған барлық жағдайларды ескеріп, жобалау кезінде үлкен апаттарды болдырмайтындай етіп жасалған реакторлар. Цунами, сел, 8 балдық жер сілкінісіне дейін төтеп береді. Ал апат бола қалған жағдайда кез келген зиянды материалдар реактордың ішінде қалады. Радиоактивті заттардың сыртқа шығуына 4 деңгейлі қорғаныш құрылғылары кедергі келтіреді. Сондықтан адамдардың «Чернобыльде болған апат қайталанбай ма?» деген үрейін мамандар жобалау кезінде жоққа шығарған болатын. Ауыр апаттың болуы ықтималдығы минимум. 10 млн. жағдайға бір оқиғадан келеді деп айтсақ та болады. Сонымен, АЭС қалыпты жағдайда жұмыс істегенде сыртқа ешқандай зиянды заттар бөлінбейді. Әрине, реактордың жұмысы кезінде зиянды материалдар, қалдықтар құрылады, бірақ олармен жұмыс жасайтын арнайы операциялар болады, сақтайтын арнайы орындары бар», - дейді сарапшы.

Маманның айтуынша, АЭС-те әр 1 ГВт қуат күшін өндіруден шамамен 50 текше метр радиоактивті қалдық шығарылады. Бірақ онымен ары қарай жұмыс істегенде қалдық көлемін бұдан да азайтуға болады. Отынды, радиактивті қалдықтарды сақтау орны станциямен бірге салынады.

«Радиоактивті қалдықтарды сақтау орны өте қауіпсіз, экологиялық заңнамаға сәйкес 50 жыл қауіпсіз сақтауға болатындай етіп салынады. АЭС құрылысы референдум өткеннен кейін 10-11 жылдың ішінде салынуы керек. АЭС-ті салудың бір кемшілігі – құрылыс басталар кезде капиталдың шығыны көп болуында, есесіне болашақта операциялық шығындар мен отын шығыны тұрақты болып қалады. Негізі, жылу электр станциясынан айырмашылығы жоқ. ЖЭС құрылысына кететін шығын АЭС құрылысынан азырақ болады, есесіне келешекте отынға, одан шыққан қалдықты жоюға кететін шығындар өте көп болады. Мысалы, қазір көмір жаққаннан кейін жылына жүздеген мың тонна қалдықтар қалып жатыр. Ал АЭС-те қалдықтың көлемі  небары  50 текше метр. Жалпы, Атом электр станциясын салған кезде технологияны әкелетін вендор- компания болады. Олар жобаны өзі жасайды, яғни жобаның авторы болады, ары қарай авторлық тексеру, авторлық қадағалау жұмыстарымен өздері айналысады. Ертеңгі күні АЭС салу кезінде қандай да бір оқиғалар болып жатса, оларға үлкен сын болмақ. Сол үшін олар жобадан ауытқымауды қатаң қадағалайды», - дейді Ерболат Қоянбаев.

Сарапшы АЭС салудағы шетелдік тәжірибеге де тоқталып өтті. Оның айтуынша, әлемде АЭС жөнінен АҚШ көшбасшы санатында, онда 96 реактор жұмыс істейді. Алынатын энергия көлемінің көптігі жөнінен Францияны алдыңғы қатарлы ел ретінде айтуға болады. Өйткені бұл елде электр энергиясының 70 пайызы АЭС-тен бөлінеді. Ал осындай станцияны жабуға шешім қабылдаған Германия мемлекеті электр энергиясы тапшылығын болдырмас үшін көмір электр станциясын іске қосып жатыр. Оған қоса,  Еуроодақтан, көршілес елдерден, тіпті сол Францияның өзінен электр энергиясын сатып алып жатқан көрінеді.

 

Салтанат Жакупова