«Ер есімі – ел есінде»: Елордада патриоттық онлайн-шеру өтеді
Елімізде соғыс ардагерлерін еске алу үшін Жеңіс күніне орай «Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің электронды базасы» жобасы іске қосылды, деп хабарлады Elorda.info.
«Ер есімі – ел есінде» («Батырларға тағзым») республикалық акциясы қазақстандық батырлар туралы барлық ақпаратпен танысуға мүмкіндік беретін арнайы платформада өтеді. 9 мамырға жоспарланған республикалық онлайн-шеруге барлық елордалық тұрғын қосыла алады.
batyrlargatagzym.el.kz сайтында орналасқан деректер базасы соғысқа қатысқан қазақстандық ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің есімін мәңгі есте сақтауға арналған электронды ресурс. База онлайн режимде толықтырылып, «Ер есімі – ел есінде» ақпараттық платформасында жинақталады.
Сонымен қатар, деректер базасын толықтыруға әрбір қолданушы қатыса алады. Ол үшін оқырман майдан даласына аттанған ата-бабасы туралы деректерді batyrlargatagzym.el.kz сайтына жүктеп немесе мына электронды поштаға жолдауы қажет: elimai2012@gmail.com
Жолданған ардагерлер туралы ақпаратта аты-жөні, туған жері мен жылы, әскери атағы, соғыстағы ерліктері туралы толық мәліметтерін көрсету керек. Сонымен қатар, фотосуреті де тіркелуі қажет.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде онлайн-акция өткізуде мұндай тәжірибе әуелден бар. 2020-2021 жылдары карантиндік шектеулер кезінде аталған акция онлайн форматта өткен болатын. Қала тұрғындары оған белсенді қатыса отырып, платформа игілігін кеңінен қолданды. Бұл жолы да 9 мамыр күні елордада онлайн-шеруге барлығы қосыла алатынын естеріңізге салады.