Эндаумент қоры қалай жұмыс істейді: вице-министр түсіндіріп берді

Эндаумент қоры қалай жұмыс істейді: вице-министр түсіндіріп берді
ОҚК telegram арнасы

ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенованың айтуынша, эндаумент қорының құрылымы барлық коммерциялық емес ұйымдар үшін стандартты болады. Құрылтайшылар қамқоршылық кеңестің бірінші құрамын іріктеп, оған жоғарғы басқару органының барлық өкілеттіктерін толығымен жүктейді.  Ол бұл туралы Орталық коммуникациялары қызметінде өткен брифингте айтты.

«Қамқоршылық кеңес қоғамға еңбек сіңірген, абройлы және жоғары беделі бар азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдерінен құрылады», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Эндаумент қоры активтерінің құрылымына эндаументтер, яғни келісім негізінде қабылданған нысаналы еншілер кіреді. Сондай-ақ қайырымдылық бағдарламаларын қаржыландыруға арналған қаражаттар және эндаумент қорының өз активтері (ғимараттар, жабдықтар және т.б.) есепке алынады.
Эндаумент қоры сомасы 10 000 АЕК-тен асатын болса, активтер тиісті лицензиясы бар инвестициялық компаниялар мен қаржы ұйымдарына сенімгерлік басқаруға беріледі.

Айта кетейік Мемлекет басшысы 2025 жылғы 30 маусымда «Нысаналы капитал қорлары және эндаумент қорлар (нысаналы капитал) туралы» ҚР Заңына қол қойды. Заңды әзірлеу кезінде эндаумент-қордың үздік тәжірибесі бар елдердің, оның ішінде АҚШ-тың тәжірибесі ескерілді. Бұл туралы ОКҚ алаңында ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова хабарлады.

Оның айтуынша, АҚШ-тағы эндаумент қорлар – америкалық университеттердің тұрақтылығы мен әлемдегі көшбасшылығының іргетасына айналды.

«Жеке заңның қажеттілігі эндаумент қорларының екіжақты табиғатымен байланысты – бір жағынан қайырымдылық, екінші жағынан инвестициялық қызмет. Осы екеуін бір заң аясында реттеу қажет болды», - деді спикер баспасөз конференциясы барысында.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 22 эндаумент қоры бар. Олардың барлығы дерлік қарапайым қайырымдылық қорлары ретінде жұмыс істейді, қаражаттың орташа мөлшері 1 млрд теңгеден төмен.