00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Эльвира Есмұханова: Волонтер болғысы келетіндердің саны артып келеді

24 шілде, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Эльвира Есмұханова: Волонтер болғысы келетіндердің саны артып келеді
Фото: Эльвира Есмұханова

Елімізде волонтерлік ұйымдардың қызметі 2020 жылы, яғни пандемия кезінен бастап ерекше қарқын алғанын білеміз. Бүгінде осындай ауыр кезеңде ауызбіршілік көрсетіп, көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдескен еріктілердің саны да, сапасы да кеміп қалған жоқ, керісінше толыға түсті. Бұл туралы Президентің өзі  таяуда өткен волонтерлердің халықаралық форумында айтқан болатын. Мемлекет басшысы еліміздегі волонтерлік ұйымдардың 3 есеге өсіп, олардың саны 680-ге жеткенін атап өтті. Нәтижесінде, волонтерлердің саны 200 мыңға жеткен. Ал мейірімділік арқылы қоғам дамуына өз үлестерін қосып жатқан волонтерлердің елордадағы ұйымдарының тыныс-тіршілігі қандай? Бұл туралы Elorda.info тілшісі Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» КММ-нің еріктілер қозғалысын дамыту бөлімінің басшысы Эльвира Есмұхановадан сұрап-білген еді. 

-Эльвира Қарабекқызы, қазір Астанада қанша волонтерлік ұйым бар және онда қанша волонтер бар? Волонтер болуға көбіне кімдер қызығушылық танытады?

-Қалада волонтерллік ұйымдар жеткілікті, олардың кейбіреулері тұрақты, басқалары кезең-кезеңмен жұмыс істейді. Нақтырақ айтсақ, 50-ге жуық волонтерлік ұйымдар мен қозғалыстар тұрақты негізде қызмет атқарады. Сонымен қатар волонтер болғысы келетін адамдар саны артып келеді. Волонтер болуға балалар көбірек қызығушылық танытуда. Олардың себептері мен мақсаттары әртүрлі. Кейбіреулері басқаларға көмектескісі келеді, ал кейбіреулері шетелдік жоғары оқу орындарына түсу үшін портфолиосын жақсартуға тырысады. Еріктілердің бір бөлігі бұл ұйымдардан өз өмірлерін қызықты оқиғалармен әртараптандыру немесе жаңа достар табу мүмкіндігін көреді. 

волонтерлер.jpg

- Волонтерлердің басын біріктіретін орталық бар ма?

-Мәселен, бұрын волонтерлік ұйымдар бір-бірін білмей, ұқсас бағыттарда қызметтерін атқара берген. Сондықтан 2019 жылы біздің мекеме Қалалық волонтерлар штабын құру туралы бастама көтерді. «Астана жастары» ЖРО базасында Волонтерлер жылы шеңберінде және 2021-2023 жылдары волонтерлікті дамытудың «Жол картасын» орындау шеңберінде Қалалық волонтерлер штабы жұмыс істейді. Штаб волонтерлік ұйымдар мен қозғалыстарды шоғырландыруды ұйымдастыру, ақпараттық және ресурстық көмек көрсету, қалада іс-шараларды есепке алуды жүргізу, күш-жігерді біріктіру, дербес қозғалыстар санын ұлғайту үшін құрылды. 

бала мешок.jpg

-Қандай жобалар жүзеге асып жатыр? 

-30 волонтерлік ұйым, 20 бастамашыл топ, 4 ҮЕҰ-мен тұрақты түрде мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бағытында кәсіпорындар және қала меценаттарымен бірлескен қызмет жүргізеді. Штабта 5000-нан астам белсенді волонтерлар бар. Бүгінгі таңда волонтерлік ұйымдарымен бірлесіп «BizBirgemiz», «Қауіпсіз қала», «Қамқорлық мекен-жайлары», «Ардагерлерді ардақтайық», «Taza Alem» және т.б. 1000 акция өткізілді. Мұқтаж жандарға азық-түлік себеттерін тарату, киім-кешек және жиһазбен қамтамасыз ету, оқыту, адамдарды іздеу және тағы басқа да көмек түрлері көрсетілді. Қала кәсіпорындарымен бірлесіп қысқы кезеңде жалғызбасты зейнеткерлер мен қарт адамдардың ауласын қардан тазалау жұмыстары жүргізілді.

тамак.jpg

-Волонтерлер жалпы қандай бағытта көмек көрсетеді?

-Іс-шаралар 6-дан астам бағыт бойынша ұйымдастырылады. Эко-бағыттар, әлеуметтік бағыт, адамдарды іздеу, соңғы кезде волонтерлардың Event жобаларға қатысуы қарқын алып келеді. Мұның бәрі волонтерлардың жасына байланысты. Мысалы, «Астана жастары» волонтерлік қозғалысындағы волонтерлердің орташа жасы 15-16 жасты құрайды. Бұл - жастар уақытты пайдалы өткізуге, жаңа дос, тың әсер алуға және қоршаған ортаға қолқабыс көрсетуге тырысатын кезең. Ал қалалық волонтерлар штабы жобасындағы волонтерлардың орташа жасы 30-дан басталады. Мұндағы волонтерлар санаты қоғамға көмектесу, табиғатты қорғауға басымдық жасайды. 

кисс.jpg

-Волонтерлерге қандай да бір ақы төлене ме? 

-Волонтерлар ешқашан төлем алмайды. Бірақ біз оларды кейбір қажетті жабдықтармен қамтуға, концерттерге тегін билеттер беруге тырысамыз. Яғни, әзірге волонтерларды марапаттап қана ынталандырып отырмыз. Сондай-ақ волонтерлікті еңбек өтілі ретінде санау Үкіметте бірнеше рет көтерілді. Бірақ ол әзірге тек талқылану деңгейінде, заңды негізде бекітілген жоқ.

курек.jpg

-Волонтерлер тек өз аймақтарында ғана емес, ел бойынша, тіпті өзге мемлекеттерде болған төтенше жағдайларға да өз қол ұшын беріп жатқанын естіп, көріп жатамыз...

-Иә, биылғы жыл табиғи апаттарсыз болған жоқ. Ақпан және наурыз айларында волонтерлар Түркия мен Сирия үшін гуманитарлық көмек жинады. Сондай-ақ таяуда Абай облысында болған алапат өртті сөндірушілерге волонтерлар көмек көрсетті.

фести.jpg

-Болашақтағы мақсаттарыңыз қандай?

-Болашақта волонтерлік ұйымдар қаржылық жағынан тәуелсіз болады деп үміттенеміз. Өйткені олардың көпшілігі ресурстарсыз, бастамашыл түрде құрылған. Ұйымдар үшін демеушілік қаражат тарту да - оңай емес, себебі меценаттардың қолдауы тек қана мұқтаж жандарға бағытталған ғой.

-Ең соңғы жаңалықпен бөлісе кетсеңіз...

-Жақында қалада Орталық Азия волонтерлар орталығы ашылды.

-Сұхбатыңызға рахмет!