Елордалық полицейлер үш күнде 30 мас жүргізушіні анықтады
Елорда полицейлері жол-көлік оқиғасын азайту және жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерінің жолын кесу мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында «Мас жүргізуші-қылмыскер!» рейдтік іс-шарасын жүргізді, деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Үш күнге созылған рейд барысында полицейлер 30 мас жүргізушіні анықтаған.
Мәселен патрульдік полиция полкінің инспекторлары Тұран даңғылының бойында 28 жастағы елорда тұрғыны басқарған Hyundai Tucson көлігін тоқтатқан. Құжаттарды тексеру кезінде көлік жүргізушісі мен қасындағы жолаушысынан алкогольдің иісі қатты шыққаны байқалған.
Астаналық әйел көлік тізгінін көлік құралын басқару құқығынан айырылған мас серіктесіне берген. Көлік құралын мас күйінде басқарған адамға бергені үшін елорда тұрғынына қатысты ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқарғаны үшін ер адамға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Естеріңізге сала кетейік, елордада тәртіп сақшыларымен «Құқықтық тәртіп»жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп, оның аясында жедел-іздестіру шарасы басталғалы қала көшелерімен көлік жүргізген 50-ден астам жүргізушінің мас күйінде болғаны анықталды.